Отандық балмұздақ өндірісі әлемдік нарықты бағындыра бастады

Алматы облысында орналасқан компания өнімі осыған дейін Орталық Азия, Грузия, Моңғолия, Қытай мен Ресейге экспорттап келген, деп хабарлайды 24kz.

Биыл оған тағы екі мемлекет қосылды. Енді Қазақстанда шығарылған балмұздақты Армения мен Сауд Арабиясынан да кездестіруге болады. Алдағы онжылдықта кәсіпорын өнім көлемін үш есе арттыруды көздеп отыр.

Бұл – Алматы облысындағы жалғыз балмұздақ шығаратын кәсіпорын. Алғашында отбасылық цех қана болған. Қазір елімізде шығарылатын балмұздақтың тең жатрысы осы кәсіпорынның еншісінде. Жыл санап экспорттаушы елдер қатарын да арттырып келеді. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте өнім көлемін арттырды. Биыл компания ауқымын кеңейтіп, жаңа желілерді іске қосу үшін 35 млрд теңге инвестиция құйды. Оның құрылысы аяқталғанда фабрика күніне 350 тонна балмұздақ шығарады. Қазіргі қуаттылығы – тәулігіне 150 тонна.

Дмитрий Докин, кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз барынша сапалы өнім өндіруге күш салып жатырмыз. Қазір бізбен әлемнің ең мықты деген балмұздақ фабрикалары санасады. Мен өзім 30 жылдан астам балмұздақ өндірісінде жұмыс істеп келе жатырмын. Саланы жетік білем. Ең мықты кәсіби мамандарды тарттық. Мұндағыдай технология көп жерде кездесе бермейді. Біздің балмұздақтар балалардың ғана емес, үлкендердің де сүйікті тәттісі.

Қазір компания балмұздақтың 160 түрін шығарады. Оған қоса, жартылай дайын фабрикаттар мен сүт өнімдерін де ұсынады. Бүгінде 3,5 мың адам жұмыс істейді. Жаңа желілер іске қосылғанда олардың саны 5 мыңға көбейеді. Жұмысшылардың ас-суы, тасымалы түгел қарастырлған.

Ұлан Боранбайұлы, компания қызметкері:

- Әлем бойынша 36 ал Еуропа, Азия-Тынық мұхиты ынтымақтастық  ұйымдары мемлекеттерінің ішінде 6-орынға көтерілді. Бұл дегеніміз, 2022 жылға қарағанда 2023 қорытындысы бойынша көтерілдік. Енді біздің жоспарымыз одан да үлкен ауқымды. Жылына 23 мың тоннадан астам балмұздақ өндіріп 10-нан аса мемлекетке экспорттап жатырмыз.

Тұрақты өсу мен инновация компанияға өз саласында көшбасшы болып қалуға жол ашты. Мұндай кәсіпорынға мемлекет барынша қолдау білдіріп отыр. Өндірісті жаңғырту, сапаны қадағалау, логистиканы жетілдіру жұмыстары жалғаса береді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев