Орал өңірінде 38 медициналық нысан салынады

Батыс Қазақстан облысында 38 медициналық нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл былтырға қарағанда 3 есе көп. Бастама «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынып отыр. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,5 миллиардтан астам теңге бөлінді. 

Базаршолан ауылындағы дәрігерлік амбулатория өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынды. Бұрын кеңшардың кеңсесі болған ғимарат кейін дәрігерлерге берілді. Алайда бұл жерде тұрғындар толыққанды ем ала алмайды. Себебі қыста қақап тұрады. Науқастар амбулаториядан кеткенше асығады.

Ханзада Жұмақұлова, Базаршолан дәрігерлік амбулаториясының медбикесі:

- Мәселе осы. Қыста салқын, отырғызбайды. Мұздай. Қатып отырамыз. Терезесінің бәрінен жел «гулеп» тұрады. Батарея бәрі жанып тұрады ғой. Бірақ бәрібір жел келіп тұрады. Салқын. Жардың бәрі жарылып, жарық көріп тұрсыз ғой, сау жар жоқ. Саман тастан салынған ғой. Аурулар жамылып жатады.

Базаршоландықтардың бұл қиындығы енді артта қалмақ. Биыл ауылда жаңа емдеу мекемесі салынады. Ал облыс бойынша 38 медициналық нысан бой көтермек. Соның 18-і жыл соңына дейін тапсырылады. Мысалы, Ақсу ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктті осы күзде пайдалануға беру көзделген.

Жаңылсын Қайдарова, Ақсу ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт қызметкері:

- Су кірді. Сосын деген ескі ғимарат. Терезелері бұрынғы, есіктері де ескі. Сосын жаңадан салынып жатыр. Кейбір жерлерінен тамшы ағады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 50 медициналық нысан салынады. Оның 12-і былтыр тапсырылды.

Нұркен Молдашев, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір 38 нысанның 35-і бойынша мердігер бар. 3 нысан бойынша конкурс рәсімдеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстар біздерде 18 нысанда жүріп жатыр. Қалғандары бойынша қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінімді республикаға тапсырып қойдық. Барлығында да бөлек инженерлік инфрақұрылым жүргізіледі. Оны біздер жергілікті бюджеттен жүргізіп жатырмыз. 

Ұлттық жоба аясында жоспарланған медициналық нысандар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Осы арқылы ауылдық жердегі медициналық көмек сапасын арттыру көзделген.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.