Атамекен ауылының оқушылары жаңа мектепке барады

Атамекен ауылының оқушылары жаңа мектепте оқиды. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты елді мекеннің бұрынғы оқу ғимараты әбден ескірген еді әрі тарлық етті, деп хабарлайды 24KZ.

Жалпы бұл облыста 13  мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Атамекен ауылының балалары осы күнге дейін мына ескі мектепте оқып келді. Ғимарат 1957 жылы салынған. Алғашында бұл пошта үйі болса, кейін мектеп ретінде пайдаланыпты. 2021 жылы ғимарат апатты деп танылған.

Айған Мусина – осы мектептің директоры. Мұнда кабинет саны аз болғандықтан, ұстаздар аядай бөлмеде отырып жұмыс істейді. Себебі білім ошағындағы100-ге жуық балаға оқу бөлмелері онсыз да жетпейді. Ал мына шағын спортзалды мектеп ұжымы өздері салып алған.

Айған Мусина, мектеп директоры:       

- Бұл мектепте бізде 7 оқу бөлмесі ғана бар. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, спортзалымыз кішкентай. Бұл спортзалды мектеп жұмыскерлері өздері салған. Қазіргі дамыған заманда робототехника, жабдықталған, заманауи биология, химия кабинеттері бар ғой, солар жаңа мектепте ашылып жатыр. Болады деген үміттеміз.

Ауылда балабақша да жоқ. 40-қа жуық бүлдіршінді ата-аналары көрші ауылдарға апарады. Былтыр елді мекенде жаңа мектептің құрылысы басталған еді. 150 орынға шақталған білім ошағында енді шағын орталық та болады. Оқу ордасы 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі.

Жаңыл Тоқмағанбетова, ауыл тұрғыны:

- Өзім мына мектеп ашылған соң көп жұмыс болады жастарға деп ойлаймын. Көп отбасы көшіп келіп жатыр Талдыдан, Шеттен. Ауылымыз үлкейеді деп ойлаймын. Жастарға мәдениет үйі болсын. Шағын орталық ашылады. Біттей балаларды бұған дейін қасымыздағы Заречный ауылына апарды.

Құрылыстың 85% атқарылды. 2 бригада қалған аз уақытта үлгеру үшін жұмысты күшейткен.

Роман Савчук, құрылысты жобалаушы компанияның өкілі:

- Қазір мердігерлік компания ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтап қалды. Ток, инженерлік желілерді тарту да жақын күндері бітеді. Жиһаздарға тапсырыс беріп қойды. Бұл оқушылар үшін өте жайлы мектеп болады.

Жалпы Қарағанды облысында биыл 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның үшеуі бюджет қаражатына салынып жатса, қалғаны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Оларда 15 мыңға жуық оқушы білім алады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков.