Қостанай өңірінде 3 су қоймасы қайта жаңғыртылады

Көктемгі су тасқыны Қостанай облысының су қоймаларына біршама зақым келтірді, деп хабарлайды 24KZ.

Гидротехникалық құрылымдардың жақтаулары мүжіліп кертілген. Тірек қабырғалары жарылған. Енді осының бәрін қалпына келтіру үшін кемі 700 миллион теңге қажет.

«Бірақ құр жамап-жасқағанымен, мәселе шешілмейді. Тозығы жеткен су қоймаларына толыққанды жөндеу керек етеді», – дейді мамандар. 

Қостанай облысында 6 су қоймасы бар. Алғашқысы 60 жыл бұрын салынса, кейінгісінің өзі іске қосылғанына ширек ғасырдан асты. Содан бергі аралықта олардың барлығы жөнді жөндеу көрген жоқ. Олардың қазіргі ахуалын мамандар қанағаттанарлық деп бағалағанымен, төтенше жағдайға шақ тұрғандығын мойындап отыр.

Мейрам Оразалин, «Қостанай су шаруашылығы» РКК Қостанай филиалының бас энергетигі:

- «Кабельдерін» қараңыз, сырттары жарылып кеткен. Мына «кабель» істемей қалса, кран істемей қалады. Апатты жағдай болуы мүмкін.

Қостанай су қоймалары үшін биылғы тасқын қатты сынақ болды. Аманкелді гидро торабы арқылы ғана 2 миллиард текше метр су өткен. 30 жылдан бері көтерілмеген 5 бекітпенің барлығын ашып тастаған. Егер ол қарысып, ашылмай қалғанда немесе таттанып, шіри бастаған темір бекітпені бұзып кеткенде жағдай тіптен ушыға түсер еді.   

Берік Қарсақбаев, Амангелді су торабының өндірістік учаске басшысы:

- Бірінші бекітпе қақпа ғана күрделі жөндеуден өткен. Қалғандары қолданысқа енгізілгеннен бері ауыстырылған жоқ. Ұзақ жыл пайдаланылғандықтан, кейбір бөліктері жарамсыз жағдайға жетті. Бұл су торабы 5-6 жыл бұрын қайта жаңғыртылуы тиіс еді. Бірақ әлі күнге істелген жоқ. Мұндай тасқын қайталанар болса, қандай да бір кепілдік беру қиын.

«Қостанай су шаруашылығы» мекемесінің басшысы Дәурен Әбдіқамитовтың айтуынша, өңірдегі негізгі деген үш су қоймасын қайта жаңғыртуды келер жылдан бастап қолға алу көзделіп отыр. Су ресурстары және ирригация министрі мен облыс әкімі қол қойған кешенді жоспар жасалыпты.   

Дәурен Әбдіқамитов, «Қостанай су шаруашылығы» РКК Қостанай филиалының директоры:

- Сол жоспарға сәйкес Жоғарғы Тобыл су қоймасын жаңғырту 2025-26 жылдары, Қаратомарды 2026-27 жылдары, ал Амангелді су торабында күрделі жөндеу 2027-28 жылдары жүргізіледі. Әрине, көп қаржы керек. Бір ғана Жоғары Тобыл қоймасын бастан-аяқ қалпына келтіруге 4,8 миллиард тенге қажет деп жобалап отырмыз.

Былтырдан бері Қостанай су қоймаларында көпфакторлы зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс келер жыл аяқталады. Соның негізінде стратегиялық нысандардың нақты жағдайы, жұмыс ауқымы белгілі болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.