Елордада «Шекара» қалашығы ашылды
Елордада тұңғыш рет әскери қызметшілердің құрметіне орай «Шекара» қалашығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Нысан «Батырлар» әскери-патриоттық клубында орналасқан. Яғни, елдің шекаралық аймақтарындағы күнделікті өмірді алысқа бармай-ақ, Астанадан көруге болады.
Әскери қалашық Шекарашылар күні қарсаңында ашылып отыр. Онда елдің шеткі аймақтарында орналасқан бақылау бекеттері мен мұнаралар қойылған. Тіпті шекаралық белгілерден бастап, қоршауларға дейін бар. Қалашықтың ашылуында жауынгерлер көрші елдермен іргелес аумақтардың қалай күзетілетінін де көрсетті.
Аманжол Оразбаев, «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ төрағасы:
- Жан-жаққа хат жібердім. Қарулы Күштерге, шекарашыларға, Ұлттық ұланға – бәріне жер беруге дайынбыз. Мына 1 гектар жерге өздерінің арнайы қалашықтарыңды жасаңдар. Жалғыз шекарашылар ғана біздің ұсынысымызды жерге тастамай, шекара қалашығын жасап берді.
Шекарашылар – еліміздің бет-бейнесі. Қазақстанға келген шетелдіктер ең бірінші сол жауынгерлердің киген киімінен бастап, қырағылығына дейін көз тастайды. Сондықтан әскери қалашықтың «Батырлар» орталығында ашылуы тегін емес. Себебі аталмыш ұйым қатарында 100-ге жуық оқушы бар. Барлығы да болашығын әскери саламен байланыстырады. Соның ішінде шекараға барғысы келетіндер көп.
Наргиза Өтеген, «Батырлар» әскери-патриоттық клубының мүшесі:
- Бірінші келген кезде, әрине, бізге қыз баласына оңай емес деген әңгіме болды. Мен, мысалы, келген кезде барлығының көзіне түстім. «Позывнойым» – Мерген. Жақсы атамын. Атудан неше түрлі зат үйретті. Көптеген ату сабағына қатыстым. Көптеген жарысқа бардым.
«Батырлар» қозғалысының кез келген тәрбиеленушісі болашақта елге адал қызмет етіп, әскери салада тер төгуді көздейді. Көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан», Шекара қызметінің «Боран» секілді арнайы элиталық жасақтарында жүруді армандайды. Жаңадан ашылған орталық балаларды сол арманға жетелейтіні сөзсіз.
Авторлары: Мерей Қанапия, Қали Несіпбаев.