БҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге үй салынып жатыр
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысы барысымен танысты, деп хабарлайды 24KZ.
Жұмыс сапары барысында вице-премьер Қоржын, Өлеңті, Жымпиты, Дерқұл, Зашаған ауылдары мен Орал қаласының Жұлдыз шағынауданына барды. Қазір Қоржын ауылында 3 бөлмелі 90 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда электр және жылыту жүйелерін тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Нысанда 6 мердігер компания жұмыс істейді. Ал Сырым ауданының Өлеңті мен Жымпиты ауылдарында тасқыннан зардап шеккендер үшін 78 типтік баспана салынып жатыр. Бүгінде 45 үй тапсырылды. Орал маңында да ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Жұлдыз шағынауданында 17 құрылыс компаниясы 191 типтік үй салып жатыр. Ал Дерқұл ауылында 103 баспанада әрлеу жұмыстары жасалып жатыр. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің айтуынша, үйлердің басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.