Қазақстандықтардың 44%-ға жуығы тұрмысына көңілі толады
Қазақстандықтардың 44%-ға жуығы тұрмыс сапасына көңілі толады. Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеу нәтижесі осындай.
Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2%-ға жоғарылаған. Ал көрсеткіштің жақсаруына не себеп?
Елімізде халықтың өмір сүру сапасын зерттейтін бірнеше мекеме бар. Әрқайсысы әр өңірде тиісті сауалнама жүргізіп, халықтың күнделікті тыныс-тіршілігіне көңілі қаншалықты толатынын анықтайды. Іргелі зерттеулерді талдамас бұрын өзіміз тұрғындардың өмірге қаншалықты риза екенін анықтауға тырысқан едік.
Сауалнама:
- Жалпы өміріңізге ризасыз ба?
- Әрине, ризамыз. Қалай риза болмаймыз? Иә, шүкір, жақсы бәрі.
- Осы өмірге қайта туып келсем, тура осылай өмір сүрем.
- Өміріңіздің қай бағытын, қай саласын жақсартқанда тіпті жақсы болар еді?
- Денсаулық. Біраз қиыншылықтар бар. МӘМС бойынша жағынан әсіресе.
- Ақшамызды көбейтсек дұрыс болады-ау. Табыс, иә.
- Өміріңіздің қай бағытын жақсартқанда бұдан да бақытты болар едіңіз?
- Ертерек үйленсем, үйлену керек, отбасы құру керек.
- Баспана ғой бәрімізде. 6 баламыз бар. Мектебіміз жабылды, сол себептен пәтер алайық деп Қарағандыға келіп жатқан жайымыз бар.
- Баспана. Баспана болса, қалғаны дұрыс болады деп ойлаймын. Жұмысы да, денсаулығы да – бәрі дұрыс болады. Қазір көбі баспана іздеп жүр.
Иә, сұрау салған жандардың бәрі өміріне риза, тек табыс, баспана, денсаулық мәселесінің барын айтады. Ұлттық статистика бюросы наурызда жүргізген зерттеуінде де осы проблемалар қамтылған. Қаржылық жағдайына риза респонденттердің үлесі 35%-ға жуықтаса, «материалдық әл-ауқатым орташа» дегендердің үлесі 74%-дан сәл асты. Баспанаға өз күшімен қол жеткізетініне 25%-ы сенімді болса, 40%-ға жуығы үй алу үшін қолдауға мұқтаж екенін айтып қалды. Тағы ширегі тұрғын үйге қатысты мемлекеттік саясат көңілден шығатынын білдірген. Сауалнамаға қатысушылардың 43,8%-ы жалпы тұрмыс сапасына көңілі толатынын айтқан. Былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2%-ға жоғарылаған екен. Оның ішінде қалалықтарға қарағанда ауыл халқының қазіргі өміріне көбірек шүкіршілік ететіні байқалады. Сол сияқты ер азаматтардың 48%-ға жуығы өмірге риза болса, әйелдердің 41%-дан астамы ғана тұрмысына көңілі толады екен.
Маржан Әміржанова, ҚР ҰСБ Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің басқарма басшысы:
- Оған дейін пандемия жылдары қанағаттану деңгейі сәл төмендеген. Қазір қайтадан ақырындап жоғарылай бастады. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің әсерінен өзгеріп тұрады. Кей кезде өседі, кей кезде төмендейді. Бірақ деңгейі 40%-дан жоғары әрқашан.
Ұлттық статистика бюросы мұндай зерттеуді 2001 жылдан бері жүргізіп келеді. Мақсат – респонденттердің жеке пікіріне сүйеніп, тұрмыс деңгейін сипаттайтын дерекқор жинау. Бұдан бөлек, өмір сүру сапасы, елдің материалдық жағдайы мен әл-ауқаты сияқты 3 негізгі өлшем бойынша Экономикалық зерттеулер институты өңірлік индексті анықтайды.
Жанна Ерубаева, Экономикалық зерттеулер институтының Өңірлерді зерттеу орталығы директорының орынбасары:
- Индексті анықтау үшін 2023 жылғы зерттеу кезінде осы үш өлшемнің 42 көрсеткіші белгіленген еді. Оның ішінде 25 көрсеткіш бойынша сауалнама жүргізілсе, 17-сінде статистикалық мәліметтер зерделенген. Жыл сайын индексті бағалаудың көрсеткіштері сәл өзгеріп отырады. Көбіне бұл өңірлердегі жағдай мен облыстардағы мәселелерге байланысты.
Халықтың табысы, жұмыспен қамтылуы, еңбек жағдайы, тұрғын үй сапасы сапасы, денсаулығы, тұрғындардың білімі мен қосымша дағдылары, әлеуметтік байланысы, жұмыс пен жеке өмірінің арасындағы тепе-теңдік, азаматтық белсенділік, басқару ісіне араласу, қауіпсіздік. «Мұның бәрі – жыл сайын бағамдалатын көрсеткіш», – дейді Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанна Ерубаева.
Жанна Ерубаева, Экономикалық зерттеулер институтының Өңірлерді зерттеу орталығы директорының орынбасары:
- Өңірлердің біразында әлі талай шаруа атқарылуы керек. Ең алдымен материалдық жағдайды жақсартуға байланысты. Яғни аймақтағы халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту және тұрғын үй жағдайының сапасын жақсартуда мәселе жетерлік. Сонымен қатар өңірлердің дамуы үшін өте маңызды мәселенің бірі – халық денсаулығын жақсарту. Ол үшін медициналық қызметтің сапасын жоғарылату керек.
Айтылған мәселелерге қарамастан өңір халқы жалпы тұрмыс сапасына риза сияқты. Сарапшының айтуынша, зерттеуге қатысқандар онысын 10 баллдық жүйе бойынша 7 баллға бағалаған. «Алайда айтылған өзекті мәселелерінің жедел шешілгенін қалайды», – дейді ол.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт, Диас Қобланбаев.