Елордада жас мамандарға «Jas Kenes Siylygy» табысталды
Елордада «Жас кеңес сыйлығы» табысталды, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл алғаш рет тұсауы кесілген жоба қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттырып, өмірін насихаттауды көздейді. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, аталған премия – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері бастамашылық еткен тәуелсіз бастама.
Білімі мен білігі толысқан жас буын – елдің тірегі, қоғамның негізгі қозғаушы күші. Сондықтан сыйлықтың құрылтайшылары бұл сыйлық жас мамандарды қолдауға, әлеуметтік маңызы бар және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға ықпал ететініне және Мемлекет басшысының қоғамдағы «Еңбек адамы» мәртебесін арттыру туралы тезистеріне толық сәйкес келетініне сенімді.
Шараның ашылуында лауреаттарды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құттықтады.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жастармен кездесуінде былай деп айтты: «Біз жастар саясатын жастармен бірге жасайық деп. Біз әдетте тәжірибелі азаматтар, басшылар жиналамыз да, жастарға не керек, жастарға мынау керек, жастарға мынаны жасау керек деп талқылаймыз, бірақ жастардың өзінен әдетте сұрамаймыз. Біз былай деп ойладық: жастар саясатын жастарға не керек деп емес, жастармен бірге жасайық, жастардың өздері жастар кеңесіне, талқылауға қатыссын да, жастар үшін не қажет екенін олар шешсін және өздері кейін атсалысуға қатыссын деген ұстаныммен бастаған едік».
Марапат төріне тасада жүріп, қоғам игілігіне толымды іс тындырып жүрген қарапайым мамандар шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мезірет жас буынның ынтасын ашып, жігерін қайрайды.
Олжас Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесі төрағасының орынбасары:
- Көптеген түрлі марапат бар. Бірақ саланың жастарына марапат жоғына көзіміз жеткен кезде, біз ойладық, мүмкін бірінші қадам бізден болсын. Біз қолдасақ, басқа ұйымдар да, басқа мемлекеттік органдар да осы саланың мамандары иелерін бағалай бастар деп. Демеушілерімізге рақмет, бірден қолдап кетті.
Байқауға «Жанқиярлық», «Өнеркәсіп», «Болашаққа деген қамқорлық», «Алтын жүрек», «Адамгершілік», «Біздің үй» және «Көмек қолы» деген 7 номинация бойынша еліміздің әр түкпірінен 700-ден астам өтінім берілді. Нәтижесінде әр номинация бойынша 2 жеңімпаз анықталды. Үздіктерге премияны қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар мен өнерпаздар табыстады.