Электр энергиясын тәуелсіз түрде өндіруге болады
Қазақстан электр энергиясын тәуелсіз өндіре алады.
Атом электр стансасын салуға қатысты пікір білдірген шетелдік сарапшылар осылай дейді. Ауқымды жоба елдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, технологиялық білімді дамытуға ықпал етпек. Мамандар бұл тұста негізгі 3 қауіпсіздік тетігі ұдайы назарда болуы тиіс екенін айтып отыр.
БҰҰ-ның шешімімен Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық Агенттік құрылды. Оның құрамындағы елдерге кеңес пен нұсқаулар беріледі. Шетелдік мамандар АЭС жобалау және салу кезінде ескерілетін 3 негізгі қауіпсіздік функциясын атады. Алғашқысы тізбекті реакцияны бақылау.
Жан-Филипп Жирар, "Nucadvisor" консалтингтік фирмасының ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі серіктесі:
- Екіншіден, ядролық станса жабылған күннің өзінде ол жерде біраз уақыт энергияның бір бөлігі өндіріледі. Сол қалдықты жою. Үшіншіден, ғимаратта немесе шектеулі аумақта радиоактивті материалдарды сақтау. Бұл қауіпсіздік функциялары түрлі жолмен қарастырылады. Ол үшін Қазақстанда қауіпсіз реактордың арнайы дизайны бар деп ойлаймын. Реакторды салқындату үшін резервтік жүйелер болады.
Әлем елдері уран рудасы мен байытылған уранға қол жеткізе алмай отыр. Ал Қазақстан уран өндіруден көшбасшылар қатарында. Бұл электр энергиясын тәуелсіз өндіруге басымдық береді, дейді сарапшы. Ендігі негізгі бағыт - технологиялық білімді жетілдіру.
Жан-Филипп Жирар, "Nucadvisor" консалтингтік фирмасының ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі серіктесі:
- Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиялық біліммен тікелей байланысты. Оны жеткізушілерден де үйренуге болады. Бұған дейін Қазақстан Ресей тәжірибесіне сүйенді. Франция, Жапония, АҚШ сияқты елдер де қолдау көрсете алады. Кеніш пен білімге бай ел энергетикалық қауіпсіздікті толық қамтамасыз етеді.
Шетелдік сарапшылар жаһандық тәжірибені зерттеуді ұсынып отыр. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық Агенттіктің мәліметі бойынша Франция электр энергиясының 70 пайызға жуығын атом энергиясынан алады. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Еркебұлан Смадияров