Астанада жасөспірімді өрттен құтқарған адам марапатталды

15 жастағы қызды өрттен құтқарған Алтынбек Алтаев пен оның ұлын Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жеке қабылдап, ризашылығын білдірді.

Тілсіз жаудан қорықпай, тәуекелге барған бейбіт күннің батырын шаһар басшысы ақшалай сыйлықақымен марапаттады.

Бұл бейнежазба бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Ер адам өртеніп жатқан пәтердің балконына сақтандыру белдігінсіз кіріп жатқанын көруге болады. Жалын құрсауында қалған қызды құтқарып, өрт сөндірушілерге тапсырған. От Сығанақ көшесіндегі тұрғын үй кешендерінің бірінің 10-қабатында тұтаныпты. Астана тұрғыны Алтынбек Алтаев оқыс оқиға туралы көшеде шулай бастаған көршілерінен білген. Уақыт жоғалтпай, құтқарушылар келгенге дейін шұғыл әрекет етті. 

Алтынбек Алтаев, қала тұрғыны:

- Көтерілген кезде есікке кіруге мүмкіндік болмай тұрды. Есікті ашуға мүмкіндік болмай жатты. Балкон жақта да кісілер тұрды солардың жанына барып қарадым. Сол кезде ашық тұрған терезені көрдім. Мүмкіндік болып тұрды кіруге. Сол мүмкіндікті пайдаланып кірдік. Ішіне кіріп, бірінші сәтте тоқтан болып жатқанын көргеннен кейін электр шәйнек пен микротолқынды пеш жанып жатқанын көргеннен кейін электрощитовойды өшіріп, сосын қызды іздеп бөлмелерді қарап шықтым. Қыз соңғы бөлмеде жылап отыр екен.

Әлбетте құтқару жұмыстарына Төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлері де етене араласты. Олардың қатарында азаматтық қорғау капитаны Серік Рақымжанов та бар. Қоңырау таңғы сағат 10-да түсті. Оқиға орнына қалалық екі өрт сөндіру бөлімінің топтары жедел жеткен.

Серік Рақымжанов, қалалық ТЖД №3 мамандандырылған өрт бөлімінің аға инженері:

- Нақтырақ айтсам, таңғы сағат 10-нан 10 минут кеткенде жеттік. Терезеден түтін шығып жатқанын байқадық. Бірден жоғарғы қабатқа көтеріліп, есікті сыртынан бұзып ашқымыз келді. Бірақ ішкі жақтан да біреудің ашқысы келіп жатқанын естідік. Өртке жақын болған көршісі бізден бұрын көмекке келгенін сол кезде білдік. Алтынбек сияқты бейбіт күннің батырлары жолымызда жиі кездеседі. Олардың бізге тигізер көмегі көп. 

Алдын ала болжам бойынша микротолқынды пештің сымындағы тоқ тұйықталып, техникалық ақау болған. Арты өртке ұласқан. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Құтқарылған қыз дін аман. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Мирлан Алтынбек, Анэль Еділқызы, Болат Абдуллин