Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында 26 жаңа үй берілді

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлығы баспаналы болды.

Бүгін құрылысы тәмәм болған 26 үйдің кілті жаңа иелеріне табысталды. Көктемде су басқан Темірбек Жүргенов ауылының 150 тұрғынынан арыз түскен болатын. Арнайы комиссия тексерген соң 64 адамға жөндеу жұмыстарына деп қаржылай көмек көрсетілді. 51 үйді тұруға жарамсыз деген ұйғарым берілді. Олардың тең жартысы бұған дейін екінші нарықтан дайын баспана сатып алса, қалғандары құрылыстың аяқталғанын күткен еді. Қоныс тойына кіріскен қуаныш иелері дер кезінде сапалы үй салып берген мердігерлер мен жан-жақты қолдау көрсеткен атқарушы билікке ризашылығын білдірді.

Айым Исламова, Т.Жүргенов ауылының тұрғыны:

- Жаңа үйіміздің жаңа кілтін алып, енді Аллаһ бұйырса жаңа үйімізге қоныстанамыз. балаларымыз өте мәз. Өзіміздің де қуанышымызда шек жоқ. Енді ертеңнен бастап осы үйімізге қоныстануға дайынбыз.