Астаховка ауылының ауызсу мәселесі 30 жылдан соң шешілді

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Астаховка ауылының тұрғындары жылдар бойы ауызсудың зардабын тартып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Елді мекендегі бұрынғы орталық су жүйесі істен шыққалы қашан. Жұрт бұлақ суын тасып ішіп отыр. Ал жаңа су құбыры биыл іске қосылуы тиіс. Жалпы ауданға қарасты ауылдар қаншалықты сумен қамтылған?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Астаховка ауылында 300-ге жуық тұрғын бар. Елді мекенде соңғы 30 жылға жуық уақыт ауызсу жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрін ауыл іргесіндегі бұлақтан тасып ішеді. Әрине, ол егде жастағы адамдарға оңай емес.

Амангелді Әрінов – Астаховка ауылының байырғы тұрғындарының бірі. Бұлақтан су тасу күнделікті жұмысына айналғалы қашан. «Жасы 70-тен асқан адамға бұл оңай емес», - дейді ол.

Амангелді Әрінов, Астаховка ауылының тұрғыны:

- Осы сумен айналысып тасып жүрмін күнде, күнде. Су жоқ ауылда. Енді бір осы Құдайдың берген суы бұлақ. Су құбырын жасап жатыр ауылға. Соған үлкен үмітіміз бар.

2023 жылы ауылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауызсу құбырын тарту жұмысы басталған еді. Оған бюджеттен 676 миллион теңге қаражат бөлінген. Мамандар ауыл төңірегінен бірнеше сынама алып, суы тұщы әрі мол аумақты анықтаған.

Әлішер Жарғанов, Бұқар жырау ауданы Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- 2023 жылы жұмыстың 80%-і істелді. Негізгі құбыр тартылып, екі 50 текше метрлік резервуар қойылды. Бұған қоса, 1 және 2 су ағысын қалыпқа келтіру станциялары салынды. Әр үйге құбыр жетіп тұр. Алдағы бір-екі аптада біртіндеп қоса бастаймыз.

Жалпы Бұқар жырау ауданына қарасты ауылдардың 99%-і ауызсумен қамтылған. 2025 жылы бұл мәселе толық шешілуі тиіс.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков