ШҚО құтқарушыларын су қоймаларындағы қауіпсіздік алаңдатады
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы су көліктері тарапынан 100-ден аса тәртіп бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Гидроцикл мен катер тізгіндеушілердің тәртіп пен талапқа бағынар түрі жоқ. Осыған байланысты құтқарушылар су қоймаларын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұқтырманың жағасына келген құтқарушылар бірден ескерту жасауға мәжбүр болды. «Құтқару күртешесін кимегендерге дауыс көтеріп, жағаға шақырудан басқа амал жоқ», – дейді олар.
Ал мынау шағын кеме иесінің құжаты жоқ боп шықты. Соған қарамастан заң талабын бұзбағанына сенімді. Теплоход капитаны Виктор Поликарпов: «Мұндай көлік тізгіндеушілер жылдамдық режимін күн сайын бұзады», – деп отыр. Тіпті жақында өз кемесіне гидроцикл келіп соқтығысқан.
Виктор Поликарпов, теплоход капитаны:
- Скутерге құжатсыз отырғаны өз алдына, кейбіреулер қалай жүру керек екенін де білмейді. Ана бір жолы кемеме гидроцикл келіп соқтығысты. Әйтеуір ешкім зардап шеккен жоқ. Сондықтан талапты күшейтпесе болмайды.
Құтқарушылардың айтуынша, жалпы облыстағы су қоймаларының бойында шомылу, суда көлік жүргізу ережелерін бұзатындарда есеп жоқ.
Марина Лискова, ТЖД баспасөз хатшысы:
- Өкінішке қарай, көпшілік суды қауіп көзі ретінде санамайды. Маусым басталғалы бері 1400 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында шағын су көліктерін жүргізу, алкогольдік сусын ішіп шомылу сияқты деректер бар. Тіпті айыппұл көлемі де ешкімді селт еткізер емес.
Бұқтырмада рейд жүргізгендер жағдайға алаңдаулы. Себебі тәртіп бұзушылар саны жылдан жылға өсіп келеді.
Андрей Львов, көліктік бақылау инспекциясының инженері:
- Былтыр судағы көліктерге байланысты 70 заңбұзушылық фактісі тіркелді. Ал биылғы көрсеткіш 100-ге жетті. Көбінесе көлік жүргізушілері, құтқарушылар қауіпсіздік талабын елемейді. Құжат дегенге мүлдем мән бермейді.
Жүйткіген скутерлерге инспекция катері ілесе де алмайды. Сондықтан судағы қауіпсіздікті күшейту үшін саланы заманауи техникамен қамтудың кезі келді деп есептейді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.