Жетісу облысында 349 мың шаршы метр үй салынады

Жетісу облысында биыл 349 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Баспаналар облыс орталығында ғана емес, алыс аудандар мен шалғай елді мекендерде де салынып жатыр. Мәселен, Алакөл ауданының Қабанбай ауылындағы жалгерлік 10 үйдің құрылысы қазір аяқталуға жақын. 

Ерболат Мұратбеков Қабанбай ауылының тұрғыны. Елді мекенде кейінгі отыз жылда мұндай құрылыс жүргізілген жоқ, жаңа үйлердің салынуы көз қуантады,- дейді ол. 

Ерболат Мұратбеков, ауыл тұрғыны:

- Әлеуметі төмен отбасыларға осы үйді берейін деп отыр. Мұндай үйлер біздің ауылға керек. Бұл деген халықтың санының өсуі болашақта. Бұлай салына берсе Қабанбай ауылы өсіп көркейе береді деп ойлаймын. 

10 үйдің әрқайсысының аумағы 70 шаршы метр. Құрылысқа республикалық және жергілікті бюджеттен 280 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Жұмысты сәуірде бастаған мердігер қазан айына дейін аяқтауы тиіс. 

Алтынбек Мәуленов, мердігер:

- Бір жарым қызыл кірпішпен өріп жатырмыз. Сырты 100 мм минплита жабылады. Одан кейін левкас жұмыстары жүреді. Ішін сылап әктеп, полы линолиум, потологы 2,60, светтерін жүргізіп қойдық. 

Алакөл ауданында үй кезегінде 1600- ден аса адам тіркеуде тұр. Жергілікті әкімдік оларды баспанамен қамту үшін жаңадан тұрғызылған ғимараттарды сатып алу мүмкіндігін де қарастырып отыр.

Мақсат Омарұлы, Алакөл аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы Үшарал қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй сатып алайық деп отырмыз. Ол 5 қабатты тұрғын үй. Әр ауылдан 60 осындай жер үй салынып жатыр. олар жеке қаражат есебінен салып жатыр. Ол жұмыстар біткеннен кейін біз сатып аламыз. Сонда біздің ауданда 130 баспана мұқтаж азаматтарға беріледі.

Жетісу облысындағы аудан-қалалардың барлығында жаңа баспаналар бой көтеріп жатыр. Жыл соңына дейін өңірде 349 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев