Баянауыл ауданында 21 мәдениет мекемесі жөнделді
Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы елдің руханиятын көтеруге де сеп болды.
Олай дейтініміз облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендердің өзінде мәдениет үйлері жаңарып жатыр. Бір ғана Баянауыл ауданында 21 нысан күрделі жөндеуден өткен.
Бірлік ауылының іргесі өткен ғасырдың ортасында құрылды. Екі бірдей көмір кенішінің жанында тұрған елді мекенде жұмыссыздық жоқ деуге болады. Ауылдық округ әкімі Арман Мұсатаевтың айтуынша ауыл азаматтарының сексен проценті сол көмір кеніштерінде жұмыс істейді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бірнеше жоба жүзеге асқан.
Арман Мұсатаев, Бірлік ауылдық округінің әкімі:
- Биыл міне мәдениет үйіне жалпы сомасы 154 миллионға күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектебімізге былтыр 72 миллионға күрделі жұмыстар жүргізді. Ауылішілік жолдарға ұзындығы алты шақырым бойынша 167 миллионға жұмыстар басталды және де сол жолдың ұзындығымен электр жарығы қосылды.
Іргесі алпыс жыл бұрын қаланған ауылда ешқашан асфальт жол болмапты. Орталықтандырылған су жүйесіне үш жыл бұрын қосылды. Ұялы байланыспен жүз процент қамтылған. Ал Мәдениет үйіне жүргізілген жөндеу аяқталып келеді.
Жасқайрат Төлеубеков, Баянауыл аудандық мәдениет үйінің басшысы:
- Бүгінгі күні Бірлік ауылдық мәдениет үйі 95 пайыз өздеріңіз көргендей жұмысы аяқталып тұр. Тапсыруға дайындалып жатыр. Бұл мәдениет үйі 180 орындық. Бұл енді мәдениет үйінің жалпы көлемі 880 шаршы метр болады. Бұның ішінде ауыл кітапханасы бар, коворкинг орталық бар.
Жанар Әлімбетованың Бірлікте тұрып жатқанына 30 жылдан асыпты. Ауылымыз заман талабына сай дамып жатыр, қуанамыз. Соған қарамастан жастарды тұрақтандыру қиын дейді. Кәсіби мамандарға сұраныс жоғары.
Жанар Әлімбетова, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Дәрігер болса, жас маман мұғалімдер келді негізі, бір-екі жылдың ішінде келді. Мәдениет үйіне де керек негізі. Музыканттар керек. Бізге негізі аптасына бір-екі рет ауданнан дәрігер келеді, врач келіп тұрады. Келіп тексерістен өткізіп ауылдың кісілерін ем-шараға қабылдайды.
Мыңға тарта тұрғыны бар Бірлік ауылы мал шаруашылығын да өркендетіп отыр. Мұнда 63 шаруа қожалығы мен үш ірі серіктестік шоғырланған.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков