Абай облысында тай жарыс өтті

Абай облысының Таскескен ауылында «Абай - Шығыс Алтын тайы - 2024» облыстық тай жарысы өтті.

Дүбірлі додаға он ауданнан жүзден астам адам қатысты.  Шабандоздар  бес жарым, 12 және 25 шақырымдық сында өзара мықтыны анықтады. Жергілікті билік  турнирді  дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші: 

- Жылқы мен қазақтың жаны бір. Әсіресе аламан десе арқасы қозып, ішкен асын жерге қоятын жұрт Таскескен ауылының атшабарында жиналды. Қазір көріп тұрсыздар тай тізгіндеген шабандоздар сөре сызығында сақадай сай тұр.

Сәйгүліктер дала төсін дүбірге бөлеген аламанға жиналды. Ауылда киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар күмбірлете күй төгіп, әуелете әсем ән шырқады. Думанды тойды аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер азаматтар ұйымдастырды.

Талғат Сақан, ұйымдастырушы:

- Кезінде өзіміз атқа шапқан, тай үйретіп солай өстік қой. Қазір енді өзіміздің ізімізді басқан бауырыларымыз солар осы жерде, апта сайын атжарысын ұйымдастырып атқа қарай баулып солай жүрсе соның барлығын анықтап көрсе ғой деген осы шаруашылық.

Тұлпарының бағы мен бабын сынауға Абай облысындағы он ауданнан жүзден астам атбегі келді. Шабандоздар қызу дайындықпен келгендері  көрінді. 

Мерей, қарт ақын:

- Жылқы мен қазақ деген егіз ұғым. Сондықтан соңғы қазақ жерде қалғанша бұл жылқы міну бәйге жарысы деген үзілмейді. Сондықтан әрбір атқа қызыққан азаматардың қазанаттары сүрінбесін. Олардың үйі толған мұрагер, үйінің сырты толған құлагер болсын.

Қара үзген екі шабандоз үзеңгі қағыстыра мәрені бір сәтте қиып өткенімен, жүзден жүйрік деген бар. Сонымен, жаңа автокөліктің кілтін Үржарлық Алинұр Мәулетбектің Бұйрық атты  сәйгүлігі алды. 

Алинұр Мәулетбек, шабандоз:

- Мен бес-алты жасымнан бастап, әкеме тай алдыртып атқа мініп үйрендім. Алдыңғы жылдан бастап проездкаға ат мініп, бәйгеге ат дайындап мініп жүрдім. Былтыр шаба бастадым, биыл алғақы машинамды ұтып тұрмын.

Сайыстың көркін қыздырған 25 шақырымдық аламан бәйге. Бұл қашықтықта бабы мен бағы келіскен елуден астам тұлпар шапты. Бірінші болып келген екі шабандоз су жаңа автокөліктерге ие болды. Бұған қоса жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. 

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов