Тараздағы «Шахристан» тарихи-туристік кешені жылу жүйесіне қосылады

Таразда 4 жыл бойы жылусыз жұмыс істеген «Шахристан» тарихи-туристік кешені орталық жылыту жүйесіне қосылатын болды, деп хабарлайды 24kz.

Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Кешенді салуға 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Жоспарға сәйкес нысан күннен қуат алып жылытуы тиіс еді. Бірақ күн сәулесі де, қажетті мамандар да жетіспеген. Соның кесірінен қызметкерлер 4 жыл бойы қысты жылусыз өткерді. Біздің телеарна бұл мәселені бұған дейін де көтерген.

4 жыл бұрын салынған «Шахристан» тарихи-туристік кешенінде шығыс стилінде безендірілген 5 ғимарат бар. Қыста кең бөлмелерде қара суық орнайды. Жергілікті билік күн көзінен қуат алу арқылы нысанды жылытуды жоспарлаған. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспады. «Жабдықтардың жұмысын қадағалайтын білікті мамандар жоқ», - дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:

- Ғимаратты қабылдап аларда жылыту жүйесі жақсы жұмыс істеп тұрды. Күннен қуат алатын батареяларда да мін болмады. Бірақ мамандардың тапшылығынан құрылғы істен шықты. Қалыпқа келтіру үшін сотқа шағымдандық. Бірақ берілген мерзімнің аяқталуына байланысты шағым қанағаттандырылмады.

«Қызметкерлер қыста суық ғимараттарда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Арнайы жылытқыштар пайдаланғанымен нәтиже болмады», - дейді туристік ақпараттық орталықтың бөлім бастығы Маржан Назаралиева.

Маржан Назаралиева, Туризм басқармасы жанындағы туристік ақпараттық орталықтың бөлім басшысы:

- Қыста жылытқыштарды қосуға тура келді. Қалың киім киіп жұмыс істейміз. Бұл ғимарат қана емес, кешенде түгел осындай қиын жағдай болды. Енді жағдай реттеледі деп сенеміз. Міне, жылыту жүйесін жүргізіп жатыр.

«Шахристанда» құрылыс-монтаж жұмыстары шілде айының ортасында басталды. Қазір жылыту жүйесі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ модульді қазандық орнату жоспарланған.

Дәурен Сәдуақасов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары аяқталып, жер қазу жұмыстары басталып жатыр. Қазір 30-40%-ке жұмыстар аяқталған. Жылыту маусымы қазанның 15-і басталады. Соған дейін, 10 қазанға дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Кешенге жаңа жылу жүйесін жүргізу үшін қалалық бюджеттен 358 миллион теңге бөлінген. «Жобаны уақытында аяқтаймыз», - дейді жауаптылар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Эльдар Байдилда