Ақмола облысының агротуризм саласында 50 жоба жүзеге асты
Ақмола облысының агротуризм саласында 50-ден астам жоба жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде Бурабай, Зеренді аудандарында оң серпін байқалады, деп хабарлайды 24KZ.
Шетелден арнайы мамандар шақыртылып, кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу мәселесі де жолға қойылған.
Андрей Красильников 10 жылдан артық уақыт бойы ара баптап, бал алады. Агротуризмді түлетуге ұсыныс түскенде бірден келіскен. «Себебі бал өнімін өткізу жеңіл», – дейді. Жақында омарташы Бурабай кентінде аралар музейін ашты. Қазір ол жерде араның 10-ға жуық түрі бар.
Андрей Красильников, омарташы:
- Біз келушілерге балдың әртүрлі сорттарын ұсынамыз. Аралардын түрлерімен танысуға мүмкіндік жасаймыз. Осы әлеуметтік жоба арқылы турист өзіне керек ақпарат алады. Сондықтан алдағы уақытта оны дамыта түсеміз.
Агротуризмнің бір артықшылығы, ауыл кәсіпкерлерін танытып қоймай, шалғайдағы шаруалардың ширауына ықпал етеді. «Сол себепті кенжелеп қалған саланы жан-жақты дамыту маңызды», – дейді туризм басқармасындағылар. Осы ретте Беларусьтен арнайы мамандар шақыртылды. Олар кәсіпкерлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, дәріс оқыды.
Камила Вишнякова, кәсіпкер:
- Шетелдік спикерлерді тыңдап, өзімізге қажет барлық мағлұматты алдық. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Оны алдағы уақытта жүзеге асырғымыз келеді. Қазір агротуризм, экологиялық өнімдер дами бастады. Сұраныс та артып келеді.
Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Агротуризм бағыты жаңа болғасын әзірге мемлекеттен тікелей қолдау шарасы қарастырылған жоқ. Бірақ туризмге қарастырылған жеңілдіктер осы салаға да көрсетіледі. Яғни, агротуризм өкілдерінің экскурсияға деп алған көліктері 25% қайтарымсыз несие арқылы беріледі. Сондай-ақ елді мекенде болғасын «Ауыл аманаты» және «Кең дала» сияқты бағдарламаларға да қатысуға мүдделі.
Қазір өңірде агротуризм саласы бойынша 50-ден астам жоба жүзеге асып жатыр. Келер жылы бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін. Себебі мемлекет тарапынан сала мамандарына «Жеңілдетілген қаржыландыру» бағдарламасы аясында қолдау көрсету көзделіп отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.