Ақтауда 4 шағынаудандағы жылу жүйесі толық жаңартылады

Ақтауда жылыту маусымына дейін төрт шағынаудандағы жылу жүйесі толық жаңартылады, деп хабарлайды 24KZ.

Жоспар бойынша 3 шақырымнан аса жылу құбыры ауыстырылуы тиіс. Қазір коммуналдық мекеме жұмысшылары, бір шақырымдық бөлігінде монтаж жұмыстарын аяқтады. Жалпы Маңғыстау облысында жылу 15 қазаннан бастап беріле бастайды.

Бұл қаладағы 27-ші ықшамаудан. Мұнда жылу құбыры былтыр бірнеше рет жарылып, тұрғындар қыстан тоңып шықты. Биыл мәселе шешілуі тиіс. Мамандар тозған жылу құбырларын қазып алып, орнына жаңасын төсеп жатыр.

Мұрат Ермұхамедов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Таганрогтан келіп жатыр, диаметрі – 219 мм. Темірі сапалы деп айтамыз. Жұмыстың көптігіне байланысты біз қазір қыркүйектің аяғына дейін 6 күндік жұмыс күнімен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі алып жатқан құбырлар осы шағынаудан салынғалы бері, сол 30 жылдың үстінде тұр ғой. Қазіргі салынған құбырлар да 30 жылға жоспарланып тұр.

Ақтаудағы жылу, ауызсу және кәріз жүйесінің күтіміне мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жауапты. Мекеме басшысы Ислам Үсеновтің айтуынша, биыл 11, 12А, 13 және 27-ші мөлтекауданда жылу құбырлары ауыстырылады. Қалғандарында келер жылы жалғастыру жоспарланған.

Ислам Үсенов, «Каспий жылу, су арнасы» МКҚ  басшысының м.а.:

- Осы шағынаудандарда өткен жылыту маусымында көптеген апат болды, ақаулар шықты. Құбырлардың тозуы шамамен 80%-тей. Сондықтан қазіргі уақытта жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ дәл осындай жұмыстар ауызсу құбырында, техникалық су құбырларында жүріп жатыр.

Шағынаудандарда жылу жүйесін жаңарту биыл шілде айында басталды. Межеленген мерзімнен бұрын аяқтау мақсатында мамандар күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Жалпы Ақтауда 2022 жылдан бері 9 мөлтекауданда жылу қазандығы орнатылды. Озық үлгідегі технология орталықтандырылған құбырдан көпқабатты үйлерді жылу берілуін автоматты түрде реттеп отырады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.