Антикор құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды бақылауға алды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды бақылауға алды.
Нәтижесінде аумақтық департаменттер 44 проблемалық нысанды аяқтауға септігін тигізді. Қазір Агенттік бастамасымен Құрылыс кодексі жобасына ең төменгі кепілдік мерзімін бұрынғыдай 2 жыл емес, кемінде 5 жыл деп белгілеу туралы норма енгізілді. Нақты талаптың болмауы жемқорлық тәуекелдерді тудырады. Өйткені тапсырыс беруші мердігермен алдын ала уағдаластық жасап кепілдіктің қысқа мерзімін белгілей алады. Қазір 125 нысанның құрылыс жұмыстары Агенттік бақылауында тұр.
Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Осыған байланысты Шымкент қаласының Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және инфрақұрылым басқармаларының бұйрықтарымен құрылыстың кепілдік мерзімінің тиісті талаптарын техникалық ерекшеліктер мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарда кемінде 7 жыл көрсету міндеттілігі бекітілді. Осыған ұқсас жұмысты Агенттіктің басқа да аумақтық департаменттері жүргізеді. Бұл жұмыстың нәтижелері сапаны қосымша бақылауды күшейту және кепілдік мерзімі кезеңінде жөндеу бюджетінің шығындарын азайту болады.