Алаяқтарға алданған қостанайлықтар 53 млн теңгесінен айырылды

Қостанайлықтар интернет алаяқтарға алданып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Кейінгі аптада он шақты адам 53 млн теңгесінен айырылды. Былтыр бір жыл ішінде келтірілген залал 360 миллион тенге болған еді. Алаяқтар түрлі қитұрқы әрекетке барады. Жасанды интеллектіні пайдаланады. Желі қолданушылардың парақшасын бұзып, қаржы сұрап, хабарлама таратады. Сендіру үшін жалған аудио, бейнежазбалар жібереді. 

Рашид Мадьяров, облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:

- Соңғы кезде жиі кездесетін алаяқтықтың түрі мемлекеттік мекеме  басшысы атынан ватсап желісі арқылы келіп түсетін хабарлама. «Сізге қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері хабарласады. Айтқан талаптарын орындаңыз», деп талап қояды. Кеше ғана осындай фактіге медициналық орталық қызметкері тап болды. Келтірілген залал мөлшері 15 миллион теңге болып табылады. Жәбірленушінің айтуы бойынша бұл соманы ол кісі 20 жыл бойы жинаған.