Жаңа оқу жылында алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Жаңа оқу жылы тақаған тұста алаяқтар тағы бір қитұрқы әрекетке көшті, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен Ресейде арам пиғылдылар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын саудалайтын жалған интернет дүкен ашып, ата-аналарға жеңілдіктер туралы хабарлама жібереді. Яғни жалған дүкеннің сілтемесіне өтіп, сауда жасауға үгіттейді. Төлем жасағаннан кейін тұрғындар алданып қалғанын бір-ақ біледі. Мамандар онлайн сауда жасағанда үнемі сақ болуға шақырады. Сайттың тіркелу уақыты, ондағы жүктелген контент пен байланыс нөмірлерін тексерген абзал. «Сонымен бірге іздеу жүйесіне салып, сайттың жалған еместігіне көз жеткізген жөн», - дейді мамандар.

Олжас Сәтиев, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті:

- Алаяқтар қазір халықтың көңіл-күйіне қарай қимылдайтын болған. Мәселен, 90% жеңілдікпен зат алып, көлік ұтысына не iPhone ұтысына қатысыңыздар деп арбайды. Сондықтан интернетте батпан құйрықтың болмайтынын түсінген абзал. Алаяқтар қарбалас кезеңді ұтымды пайдаланады. Міне, 1 қыркүйек қарсаңында балаларына киім, кеңсе тауарын алып, абыр-сабыр болатын ата-аналарды алдауға тырысады.