Жамбыл облысында мектептердің 70%-іне дабыл түймесі орнатылды

Жамбыл облысы мектептердің 70%-іне дабыл түймесін орнатты, деп хабарлайды 24kz.

Қауіпсіздік жүйесі полиция мен күзет агенттіктерінің жедел басқару орталығына қосылған.

Бұл кез келген уақытта хабар алып, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Яғни сақтансаң, сақтайды.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бұл мектеп-гимназияда 2 мыңға жуық бала оқиды. Тараздағы оқушы саны ең көп білім ошақтарының бірі. Мектеп директорының орынбасары Гүлмира Қыпшақбаеваның айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударылған.

Гүлмира Қыпшақбаева, №12 мектеп-гимназия директорының орынбасары:

- Мектепте сонымен қатар техникалық тексеруден өтіп отыратын 32 камера бар. 32 камераның 18 камерасы мектеп ғимаратының ішінде, 14-і мектеп ғимаратының сыртында орналасқан. Және де өрт қауіпсіздік дабыл қаққышы да барлық сынып бөлмелеріне, дәліздерге орналастырылған. Барлығы өз дәрежесінде жұмыс істейді.

Мектептің кіреберісіне бірнеше турникет қойылған. Білім ошағына бет-әлпет анықтау жүйесіне тіркелген оқушылар мен мұғалімдер ғана кіре алады. Ал, түрлі себеппен келген бөгде адамдар мектеп басшылығынан арнайы рұқсат алады. Жалпы өңірде 506 мектеп бар. Олардың 60%-іне ғана осындай турникеттер қойылған. Тараз қаласының өзінде мұндай құрылғы орнатылмаған мектептер бар. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің әдіскері Жанболат Сәрсенов айтты.

Жанболат Сәрсенов, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

-Қала мектептерінің барлығы толықтай 100% бейнекамерамен қамтамасыз етілген. Барлығы да полиция басқармасындағы жедел басқару орталығына қосылған. Турникет туралы айтсақ, 63 мектептің 61-іне құрылғы орнатылған. 3 мектепке персонал саны мен бала саны 700-ге толмауына байланысты міндеттелмеген.

Жедел басқару орталығындағы мониторлардан қала алақандағыдай көрінеді. Полицейлер бейнекамералар көмегімен қала көшелерімен қатар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті бақылайды. Бұл жерге 2700 бейнебақылау камерасы қосылған.

Әсем Мұхамеджанова, облыстық полиция департаменті штаб бастығының орынбасары:

- Ауылдық жерлердегі мектептердің 70%-і аудандық полиция бөлімдеріне қосылған. Білім басқармасы тарапынан тозығы жеткен камераларды сандық форматтағы камераларға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін облыс мектептері бейнебақылаумен 100% қамтылатын болады. Ал, дабыл түймесі білім ошақтарының 70%-іне орнатылған.

Қыркүйектің соңына дейін мектептерді турникетпен және дабыл түймесімен қамтамасыз ету көлемі 90%-ке жетеді. Сонымен қатар облыс әкімдігі аудандық полиция бөлімдері жанынан шағын жедел басқару орталықтарын жасақтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Анастасия Сулейманова, Эльдар Байділдә