Ақтөбеде 100 үйдің жылыту құбыры жаңартылады

Ақтөбеде 100 үйдің жылу құбырлары ауыстырылады, деп хабарлайды 24kz.

Бұрын магистралдық және кварталішілік желілер ғана жаңартылып келсе, биыл коммуналдық мекемеге тиесілі құдықтардан, көпқабатты үйлерге дейін тартылған құбырларлар жаңадан салынып жатыр. Қырау түсіп, күн суытқанға дейін 100-ден аса нысанды қамту көзделген.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Алтынсарин көшесі – Ақтөбе шаһарының тарихи аудандарының бірі. Мұнда бір ғасыр бұрын салынған ғимараттар да бар. Жылу желісінің де жаңармағанына ондаған жыл болған. Әсіресе, құбырлар тоғысатын құдықтардан баспанаға тартылған бөлігінің әбден тозығы жеткен.

Жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары Есет батыр, Алтынсарин көшелерінде, Әбілқайыр хан даңғылы мен Әуе қалашығы ауданында жүріп жатыр. Жалпы 7 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. Бұл мақсатта коммуналдық мекеме тарифтик төлемнен құралған қаржыдан 900 млн теңге бөлген.

Олжас Мектепбаев, «Aqtobe su-energy group» АҚ бас инженері:

- Қазандықтар бойынша тек қана ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы енді ақауы бар жылу жүйелері осы гидравликалық сынақ кезінде анықтап, солардың жөндеуі жұмыстарын істедік. Ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша бізде 75-80%-ке жұмыстар аяқталып, осы келе жатқан жылу маусымына дейін толықтай аяқталуы тиісті.

Шаһардың 80%-ін жылумен қамтамассыз етіп отырған «Ақтөбе жылу электр орталығы» станциясы. Коммуналдық кәсіпорынның бас инженері «биыл 8 бу қазандығының 7-ін жаңартуды жоспарладық», - дейді. Қазір 5-еуінде жөндеу жұмыстары аяқталса, қалған екеуі қыркүйек айына дейін тәмам болады.

Александр Давыскиба, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ бас инженері:

- Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары бойынша станциямыз жылыту маусымына толықтай дайын деп айта аламын. Дайын екендігімізді растайтын паспорт алуға құжаттар рәсімделіп жатыр.

Коммуналдық салаға жауапты мекеме өкілдері жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүріп жатқанын жеткізді. Алайда Ақтөбедегі 262 шақырым желінің 59%-і ескіргендігін де жасырмады. Сондықтан қыс алдында әлсіз тұсын анықтау үшін құбырлар қыркүйектің басында жоғары қысыммен тексеріледі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов