Маймыл шешегі анықталған жағдайда ем-дом алгоритмі әзір – вице-министр

Қазақстанда маймыл шешегінің бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.

Бұл туралы Үкімет отырысында вице-министр Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Десе де, мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген. Елге инфекция кіріп, ауру адамдар анықталған жағдайда ем-дом алгоритмі әзір. Дәрі-дәрмектің қажетті қорын жасау үшін тиісті шаралар қабылданды.

«Медицина қызметкерлері диагностикалау мен емдеу әдістерін оқып жатыр», - деді ол. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті. Денсаулық сақтау министрлігіне ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, әуежайлар мен өткізу бекеттеріндегі жағдайды назарға алуға тапсырма берді.