Жылыту маусымына дайынбыз ба?
Жылыту маусымының басталуына аз қалды. Сала басшылары дайындық жөнінде сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болатынына сенім жоқ. Үкімет басшысы осылай деп, мәселені қатаң бақылауға алу керектігін айтты, деп хабарлайды 24kz.
Бекзат Аманов, тілші:
- Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс келеді. Ашығын айту керек, кейінгі жылдары азаматтар күн ызғар тартса, үрейін үйіріп отыратын болды. Себебі, жылу беретін мекемелердің жұмысында ақау көп, басым бөлігі ескірген. Содан апат та жиі болады. Ал биыл бұл жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Жауаптылардың айтуынша, тұрғын үйлердің әзірлігі 68%-ке аяқталса, мектептер мен емханалар шамамен 90%-ке дайын. Оған қоса, ведомство басшысы «жылыту маусымының басында инженерлік инфрақұрылым объектілерінде жөндеу жұмыстары аяқталады» деп сендірді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Биыл 163 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 92,5 млрд теңге қарастырылған. Атап айтқанда, 109 шақырым жылу желілерін жөндеуге берілетін нысаналы трансферттер есебінен 68,6 млрд теңге бөлінді, 54 шақырым реконструкциялауға шамамен 23,9 млрд теңге Үкімет резервінен жіберілді.
Елді қыстан шығару үшін шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет. Бұл жұмыстың 81%-і орындалды, 10 мыңнан астам автономды қазандық істеп тұр. Оған қоса, 13,4 мың шақырым электр желілерінде жөндеу біткен.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Жүйелік оператор бекіткен электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 2024 жылы 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Әртүрлі кезеңдерде 1 энергоблокта, 28 қазандықта, 22 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Отырыста жұмысында кемшілігі бар энергетикалық кәсіпорындар мәселесі де көтерілді. Қазір мұндай 4 мекеме бар. Үкімет басшысы ЖЭО дайын болмаған жағдайда өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатынын жеткізді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру.
Иә, бұл істе қатаң бақылау қажет-ақ. Олқылықтың орнын қазір толтырмасақ, қыста жағдай қиын болады. Үкімет басшысы көмір мен мазут тасымалын да назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Авторы: Бекзат Аманов