Әлем жаңартылған энергияға үміт артып отыр – ғалымдар
Қазір әлем қоршаған ортаға бөлінетін парниктік газдың мөлшерін азайтуға күш салып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Одан құтылудың бірден бір жолы – жаңартылған энергетикаға көшу. «Оған жел, күн, су және атом электр станциясы кіреді», - дейді Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықарлық қазақ-түрік университетінің доценті Шерзод Құрбанбеков. Америкадағы ұлттық ядро орталығында тәжірибе жинап келген жас ғалымның айтуынша, дүниежүзіндегі 32 мемлекетте 440-тан астам реактор жұмыс істейді. Әлемдегі электр энергиясының 10%-і қуат көзін осы атом электр станциясынан алады. Мәселен Франция жарықтың 70%-ін, Америка Құрама Штаттары 20%-ін, Жапония 30%-ін атом электр станциясының реакторларынан өндіреді. «Олар байытылған уранды пайдаланғандықтан, ауаға зиянды газ бөлінбейді», - дейді ғалым. Ал біздің елде электр энергиясын өндіретін станциялардың 70%-і әлі күнге көмірді отын ретінде пайдаланады. Су электр станиялары қуат көзінің 10%-і, ал күн мен жел 7%-і ғана өндіреді. Қалғаны импортқа тәуелді екенін айтады.
Шерзод Құрбанбеков, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті:
- Ал біз егер «жоқ, бізде көмір жетеді, мұнай жетеді» дейтін болсақ, оның барлығы таусылатын дүние. Реактор 60-тан 100 жылға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Оның сондай ерекшелігі бар. Біз оны құратын болсақ, 100 жылға дейін ешкімге тәуелді болмаймыз. Иа, ол жерде «қалдық» деп айтып жатыр. Қазір қалдықты да қайта өңдейтін технологиялар бар. Біз бұған оң көзбен қарауымыз керек деп ойлаймын.