Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық пысықталды

Жылыту маусымына аз қалды.

Көп күттірмей, қылышын сүйретіп қыс келеді. Ал кей өңір сақылдаған аязға әлі дайын емес. Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды алдағы жылыту маусымына дайындау мәселесі талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов сала басшыларының әзірміз деген сөзіне сенбей, сын тезіне салды. Әкімдердің бақылауы жеткіліксіз екенін айтып, тиімді жоспарлау жоқ деді. Себебі бірнеше энергетикалық кәсіпорын әлі толық жөнделмеген, жылу желілері де ескі.

Ақтөбеде биыл қысқа дайындық қарқынды. 100 үйдің жылу құбыры ауыстырылып, тозығы жеткен желілер жаңғыртылды. Шаһардың 80% жылумен қамтамасыз етіп отырған энергетикалық кәсіпорын 5 қазандықты жөндеген. Қалғанын қыркүйек айына дейін аяқтайды.

Александр Давыскиба, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ бас инженері:

- Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары бойынша станциямыз жылыту маусымына толықтай дайын деп айта аламын. Дайын екендігімізді растайтын паспорт алуға құжаттар рәсімделіп жатыр.

Иә, жауаптылар бірауыздан қысқа дайын екендерін айтады. Алайда Ақтөбедегі 262 шақырым желінің 59%-і ескірген. Бұл да қыста қауіп төндіруі мүмкін. Жалпы әзірлік жайына келгенде атқамінерлердің сөзі түзу. Бірақ іс жүзінде жағдай қалай?

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Бірқатар облыста жылу желілері жөндеу бойынша жұмыс төмен қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мәселен, 11 жоба бойынша жұмыстың орындалуы 50%-тен, 9 жоба бойынша 20%-тен төмен. 4 жоба бойынша құбырларды төсеу жұмыстары әлі де басталмаған. Сондай-ақ Ақтау қаласының магистральды жылу желілерін жаңғырту бойынша 12 шақырымға демонтаж жасау керек, бүгінде оның 7 шақырымы ғана төселген.

Энергетика министрі дайындығы төмен жылу кәсіпорындарын атады. Ведомствоның назарына 4 мекеме ілінген. Атап айтқанда, Ақтау, Кентау және Теміртаудағы 2 жылу орталығы бар. Мұнда жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп, аяқталар емес. Оның үстіне энергетикалық кәсіпорындардың отын үшін қарызы көбейіп барады.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып табылады. Энергия өндіруші ұйымдардың «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 18 млрд 307 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ «Богатырь-Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдында 3 млрд 462 млн теңге сомасында берешек бар.

Биыл республика бойынша 10 энергоблок, 55 қазандық және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Оның көбінде жұмыс басталып кетті. Тұрғын үйлердің 68%-і жылуға дайын. Бірақ қытымыр қыста құрғақ сан көмектеспейді. Құжатта ғана емес, іс жүзінде де бәрі дайын болу керек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан-жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы.

Көмір жағып, пеш қыздыратын ағайынның да әуресі көп. Тапшылық қысып, баға шарықтап кететін жайттар жиі болады. Үкімет басшысы бұл мәселеге де майшаммен қарауды тапсырды. Себебі мазут пен көмір қоры уақытылы дайындалады дегенге сену қиын. Олжас Бектенов дүрбелең туғызбай, шартты ерте жасауды жүктеді. Оған қоса әлеуметтік бағытқа берілген отын кәсіпкерлерге сатылмауы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы қазіргі жұмыс қарқыны жылыту маусымын уақытылы әрі сапалы бастауға тәуекелдің әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр деп айтуға болады. Яғни әкімдіктер тарапынан бақылау жеткіліксіз. Бұл ретте республикалық бюджеттен қажетті қаражат уақытылы бөлінген. Осы жылыту маусымына дайындық барысын дұрыс ұйымдастыру мен үйлестіру мақсатында Роман Васильевич Склярдың басшылығымен жедел штаб құрылсын.

Ендігі міндет – тұрғын үйлер дайындығын жеделдетіп, әлеуметтік нысандардың жұмысын пысықтау. Қыркүйекке дейін мектеп, қазанның ортасына дейін емханалар инфрақұрылымы дайын болуы керек. Ал көмір жеткізу міндеті Көлік министрлігімен бірлесе шешілетін болады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Руслан Әлиев.