Қазақстанда АЭС салуға қатысты қоғамдық пікірталас өтті

Расында, қазір еліміздің оңтүстігінде энергия тапшылығы байқалады.

Солтүстік-Оңтүстік желісі қазіргі уақытта 2100 мегаватқа дейін өткізеді, алайда бұл оңтүстік аймақтарды қуат көзімен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, оңтүстіктегі жағдай күрделі. Жалпы республика бойынша электр энергиясы тапшығын реттеуге атом энергетикасы ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы Астанада өткен АЭС салуға қатысты қоғамдық пікірталастың соңғы кезеңінде сөз болды.

Атом электр стансысын салу мәселесіне қатысты қоғамдық талқылауға жүзден астам адам қатысты. Алдымен атом энергетикасы мен ядролық физиканың мамандары АЭС-тың артықшылықтарын айтып, әлемдік тәжірибеге тоқталды. Кейін қарапайым халық көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға тырысты.

Ресми деректерге сәйкес 2031 жылға қарай елде электр тапшылығы шамамен 6% құрайды. Жыл сайын энергия көлеміне сұраныс артып келеді. Ал бүгінде негізгі қуат көзі – көмір. Бұрыннан қалыптасқан технологияның қоршаған ортаға зияны да аз емес. Әсіресе көмір генерациясынан зардап шегетін Өскемен мен Теміртау үшін экология мәселесі өзекті.

Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетика және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін бүкіл энергияның 70% көмірмен жұмыс істейтін стансылармен өндіріледі. Олардың тозу деңгейі өте жоғары. Келесі онжылдықта кейбір стансыларды тоқтататын кез келіп қалады. Бұдан басқа, бізде Қазақстанда энергия тұтыну көлемі де өсіп жатыр. Өндірісімізді дамыту үшін бізде жеткілікті электр энергиямен қамтамасыз ету керек. Атом электр стансысы – жасыл энергетикаға жататын тұрақты жұмыс істейтін стансы. Сол үшін бұл мәселе қарастырылып жатыр. Әрине, референдумның нәтижесі оң болған жағдайда ғана.

Қазақстанда АЭС салу үшін III және III+ буынының барынша қауіпсіз реакторлары ұсынылып отыр. Олардың бір-бірін толықтыратын және өзара алмастыратын қауіпсіздік жүйелері бар. Бұл – қазіргі атом электр стансыларында қолданылатын қондырғы. Мамандар заманауи реакторлардың артықшылығын айтып, құрылымына да тоқталды.

Ерболат Қоянбаев, ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» директорының орынбасары:

- Енді қауіпсіздік жағынан бұл – III+ буынындағы реакторлар. Қауіпсіздік мәселесінен өте жоңғары деңгейдегі реакторлар. Бұл 8 балл жер сілкінісіне қарсы келеді, 56 метр секундына желге тұрады, су тасқынына, тіпті ұшақпен соқтығысқанға шыдайды. Сыртқы қабығының қалыңдығы 1 метр бетон, ішкі қабығы 8 мм болатпен қапталған. Толығымен қоршаған ортадан оқшауланған. Кезе келген радиоактивті шығыс болған кезде ол контаменттің ішінде толығымен қалады. Ол жаңа үшінші буынға тән қасиеттер ғой.

Үшінші буындағы реакторлар Қытайда, Францияда, Оңтүстік Кореяда салынып жатыр. Ал АҚШ пен Жапонияда осындай қондырғылар толық жұмыс істеп тұр. Сондықтан атом электр стансысына келгенде бұрынғы және қазіргі технологиялардың аражігін ажырату маңызды.

Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры:

- 1945 жылы, өкінішке қарай, соғыс мақсатында бірінші атом бомбалары жарылды. Ал 1950 жылдардың ортасында алағашқы атом электр стансысы пайда болды. Міне, содан бері қазақстандықтар әлі айыра алмайды. Семей полигонында ол – бомбалар, яғни уран 235-ті 95%-ке дейін байыту керек, ал электр стансысында отын 4,5%-ке байытылады. Сондықтан атом элеткр стансысы бомба сияқты ешқашан жарылмайды. Екінші мәселе, Фукусима да, Чернобыль да – бір контурлы атом электр стансылары. Атом электр стансыларының да түрлері өте көп. Көлік сияқты. Ал су-су осындай екі контурлы атом электр стансысы – әлемде 415 электр стансының 200-ден астамы. Осы су-су екі контурлы атом электр стансыларында авария тұрмақ, бір оқыс оқиға болған емес.

«Бейбіт атом» бұл тіркес қарапайым халық арасында жиі қолданылмайды. Бірақ атом электр стансысын салуға қатысты қоғамдық талқылауды түйіндеуге негіз болары анық. Өйткені басты мақсат – бейбіт атом көмегімен энергетикалық қуіпсіздікті, экономикалық тұрақтылықты және экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізу. Ендігі мәселе, күзде өтетін референдумдегі халық таңдауында...

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев.