Алматыда «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізіліп жатыр
Жыл басынан Алматыда балалардың қатысуымен 623 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 бала көз жұмды, деп хабарлайды 24KZ.
Тағы 664-і түрлі дене жарақаттарын алған. Осыған байланысты полиция қала тұрғындарына үндеу жасады. Қазір шаһарда жол-көлік оқиғаларын алдын алуға және азайтуға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Бұл акция балалардың жолда жүру ережесін сақтау мен жол-көлік оқиғаларының өсуін төмендетуге бағытталған. Тәртіп сақшыларының сөзінше, қазір Алматы жолдарындағы жағдай қиындау болып тұр. Тәртіп ескеріп жатқандар шамалы. «Бұл статистика алаңдатарлық және тағы да ересектерге ескерту жасауға негіз бар», – дейді полицейлер.
Асхат Құлбаев, Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Қазіргі уақытта Алматы полиция бөлімшелері жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Ең алдымен арнайы құрылған топ жалпы білім беру мекемелеріне іргелес жатқан жол бөліктеріне тексеру жүргізіп, олардың «Балалардың жол қауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша жабдықталғанын қарап шықты. Екіншіден, жергілікті полиция қызметінің алдыңғы шептегі бөлімшелері мектеп жанындағы патрульдік жасақтарды орналастыруды әзірледі, олар оқу басталған сәттен бастап мектептерде қызмет етіп, қозғалысты үйлестіреді және оқушылардың жолдан дұрыс өтуіне көмектеседі.