Қызылорда облысында 8 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Қайта жаңғыртылып жатқан нысандар білім күніне толық дайын болуы керек.

Күрделі жөндеу жұмыстары тиісті кестеге сай жүргізіліп, балалардың білім алуына кедергі болмауы маңызды. Осы талаптардың орындалу барысын тексеру үшін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы №211 орта мектепке барды. Іргетасы 35 жыл бұрын қаланған үшқабатты ғимаратта 860 бала білім алады. Оқу ошағына осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының  90%-і аяқталған. «Мердігер мекеме қалған жұмыстарды алдағы он күнде толық аяқтауды жоспарлап отыр», – дейді Мархабат Жайымбетов.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мердігердің уәдесі келісімшарт бойынша 25 тамызға бітіру болса, 30 күні бітіріп беремін деген ойда отыр. Бірақ әлде де мәселелердің бар екенін айттық. Адамдардың санын көбейту, 70 адам жұмыс істеп жатыр. Неге 100-140 адамға көтермеске деген осындай талап қойдық. Бітірмей қалған жағдайдың өзінде сондай мәселелер туып жатса, көрші мектептерге де жұмыс істетуге мектеп басшысымен екінші жоспардың болуын атап өттік.