Көмір бағасының негізсіз қымбаттауына жол берілмейді

Қаржылық мониторинг агенттігі ішкі нарыққа отын жеткізетін 3 ірі көмір өндіруші кәсіпорынға талдау жүргізді, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде жеке тұлғалар үшін қатты отын бағасының негізсіз қымбаттағаны анықталды. Көмір кей жағдайларда негізгі бағадан бірнеше есе өскен. Бұл туралы жылыту маусымы қарсаңында Қаржылық мониторинг агенттігінің алаңында ұйымдастырылған ведомствоаралық кеңесте айтылды. Жиын барысында халыққа көмірдің маусымдық қымбаттауы мен тапшылығына жол бермеуге бағытталған өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазір агенттік Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, салықтық міндеттемелерді орындау және салық төлеуден жалтару үшін шығындарды жасанды түрде көбейту бойынша көмір өндіруші кәсіпорындарға тексеріс жүргізіп жатыр. Тағы бір мәселе – мемлекеттік мекемелердің көмірді қымбат бағамен сатып алуы. Тараптар бюджет шығындарын азайту шараларын әзірлеуге мүдделі. Агенттік төрағасы Дмитрий Малахов жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында көмірдің қымбаттауы мен тапшылығы байқалатындығын атап өтті.

Дмитрий Малахов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:

- Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан облысынан шағымдар келіп түсті. Олар Шұбаркөл көмірінің қымбаттағанын айтып жатыр. Біз талдау жасап, Үкіметке ұсыныстар жібердік. Нәтижелер көрсеткендей, қатты отын нарығында «өнімсіз» делдалдармен «сұр» схемалар жалғасып жатыр. Бұл жағдай соңғы тұтынушы үшін көмірдің негізсіз қымбаттауына әкеп соғады. Айтылған мәселелер өте өзекті және біз оларды бірлесіп шешуіміз керек.

Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Бүгін әріптестерімізбен бірге әлеуметтік көмір нарығында жұмыс істеуге арналған ведомствоаралық картаға қол қойылды. Монополияға қарсы орган Қаржылық мониторинг агенттігі және Қаржы министрлігімен бірлесіп, делдалдарды жоюға, халық үшін шығындарды оңтайландыруға және бүгін талқыланған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыруға дайын. Бұл – тауар биржаларына бақылау жүргізу, монополияға қарсы органның құзыреті шеңберінде тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.