БҚО-да 350 оқушыға ноутбук табысталды

Батысқазақстандық 350 оқушыға «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында оқу құралдары мен арнайы киімдер жиынтығы және ноутбуктер табысталды, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа оқу жылы қарсаңында құнды көмекке ие болғандардың бәрі де – көктемде үйлері суға кеткен отбасылардың балалары. 350 ноутбуктің 170-і Оралда қалса, қалғаны табиғи апатқа тап болған Бөрлі, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарына жіберілмек. Игі шараны ұйымдастыруға Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар ұйымы мұрындық болыпты. Оларға ауқатты кәсіпкерлер қол ұшын берген екен.

Сәпен Есенбекова, Орал қаласының тұрғыны:  

- Мына «Жүректен жүрекке» акциясына көп-көп рақметімізді айтамыз. Балаларымыз кішкене суға кеткенде қиыншылықтар көрдік, өзіміз де, балаларымыз да. Мына енді Үкіметіміздің арқасында бәрі түзеліп жатыр. Жайлап үй алып жатырмыз, балаларымызға сыйлықтарын беріп жатыр.

Анастасия Ульченко, «Ассамблея жастары» РҚБ төралқа мүшесі:

- Мұндай көмектер жалғасады, тоқтамайды. Себебі ассамблея әрқашан отандастарымызға көмекке келуге дайын. Еріктілер бізде әр қалада бар. Бұл тізімді біз басшылықтан алғанбыз. Мәселен, көпбалалы отбасылар бар немесе асыраушысы жоқ, тек қана анасы бар отбасылар бар. Сондай тізімдер бізге келіп түскен еді.