Сарапшы: 2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы сезіледі

2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы сезіледі.

Мұндай болжамды Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары айтты. Әлішер Құрбанәлиевтің пікіріне сүйенсек, тапшылық 10 пайыздың көлемінде болмақ. Оның орнын толтыру үшін қуатты басқа елдерден сатып алуға тура келеді дейді сарапшы. Ал жаңа атом электр станциясы бұл мәселені шешіп ғана қоймай, отандық атом өнеркәсібінің дамуына серпін береді деп санайды. Ол елде бұл үшін барлық мүмкіндік бар, дейді сарапшы.

Әлішер Құрбанәлиев, Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Әзірге елде өндіріліп жатқан уран шетелге жіберіледі. Бізде Кеңес Одағы кезінен бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан өз жетістіктеріміз бар. Шағын реакторлар бар, сондай-ақ, атом энергетикасы саласы мамандарын даярлайтын институттар бар. Жалпы атом станциясы бар ел ретіндегі имидждің өзі мемлекетке серпін берері сөзсіз. Оның үстіне жылу электр станцияларымен салыстырғанда атом электр станциясының шығындысы мүлде жоқ. Ал экологиялық міндеттемелерді қабылдаған ел ретінде бұл артықшылықты ескеруіміз қажет.