Есік - Саймасай тас жолын жөндеу басталды

Алматы облысында «Есік - Саймасай» тас жолын жөндеу жұмыстары басталды.

Өйткені Құлжа жолының бойындағы Есік қаласына туристер көп келеді.  Олар Алтын Адам табылған Сақ қорғандарын, Үлкен Есік көлі мен Түрген шатқалындағы сарқырамаларды көру үшін барады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Облыстық маңызы бар «Есік-Саймасай» автомобиль жолының ұзындығы 12 шақырым. Оны күрделі жөндеуден өткізуге биыл 7 млрд теңге бөлінді. Бұл жол бөлігі соңғы рет 1995 жылы күрделі жөндеуден өтіпті.

Бұл жол бұрын екі жолақты еді. Жаңа жоба бойынша бойынша мұнда 4 жолақты жол төселіп жатыр. Ол өз кезегінде Есік қаласындағы көлік кептелісін реттеуге оң әсер етеді. 

Медет Жанәбілов, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Мынау Есіктің сол саяжай орталығы. Яғни мынау 4 километрден 8 километрге дейінгі жерді қазу, қайтадан салу жұмыстары жүргізілуде. Жан-жағына бордюрларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Биылға осындай мынау мектеп уақыты басталғанға дейін қазылған жұмыстарды қайтадан востановить етіп қоятын болады.

Аманғазы Тілеуімбетов, қала тұрғыны:

- Мына жасалып жатқан жолға ауыл тұрғыны есебінде біз өте ырзашылығымызды білдіреміз. Бұл мемлекетіміздің дамығанын білдіріп жатқаны. Міне үлкен қала. Жақсы жерлерден қонақтар келеді. Сол қонақтарға да жайлы, өзіміздің тұрғындарға да жайлы. Барып келуге, қатынауға өте жақсы болды.

Еңбекшіқазақ ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы 1233 шақырым. Соның 600 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар. Аудан аумағында биыл 119 мың шаршы метр асфальт төселуі тиіс. Қазір соның 60 пайызы салынып бітті. Нәтижесінде бірнеше елді мекеннің ауылішілік жолдары жөнделді.

Медет Жанәбілов, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Абат, Балтабай, Ақши ауылдарында жол салу жұмыстары толығымен бітті. Қазіргі таңда құжаттарын қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек қазір Шелекте бар, Көктөбеде бар. Сатай, Түрген, Алмалы, Қаражотада бар. Негізі 100 көше қамтылады. 

Үлкен Есік көлі мен Түрген шатқалына бет алған туристер Алтын Адам табылған Сақ қорғандарын айналып өтпейді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына биыл 20 мыңнан астам турист келген. 

Гүлмира Мұхтарова, "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

- Оның 30 пайызына жуығы шетелдіктер. Әр жақтан келіп жатады. Сондықтан музейде ең негізгі мәселе бұл инфрақұрылым деп айтамыз ғой. Жол деген өте маңызды. Мына тас жолдың салынып жатқаны бізге уақытша ыңғайсыздық көрсетілгенмен, болашақта бұл бізге өте үлкен көмек болады деп есептеймін. 

«Өңірдегі облыстық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 3 370 шақырым. Соның 91 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық. Алматы облысында биыл 500 шақырымдай облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 26 млрд теңге бөлінген. Қазір соның 11,7 млрд теңгесі игерілді», - дейді мамандар. 

Ардақ Айбарұлы, Аят Дусембаев, Аманжол Жөңкешов