Бурабайда жеті ауыл орталық су жүйесіне қосылды
Бурабай ауданындағы жеті ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
Құрылыс келесі жылы аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсу тұтына бастайды. Қазір елдімекендерде су құбырлары тартылып жатыр. Жоба құны 20 миллиард теңгеден асады.
Қатаркөл ауылындағы су құбырлары өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Қазір ескіріп, жарамсыз болып қалды. Ал жаңа желінің құрылысы 2018 жылы басталған еді. Бірақ, қаржыландыру мәселесінде кідіріс болып, жоба уақытша тоқтап қалған. Биыл жұмыс қайта жанданды.
Омар Мырзабеков, Қатаркөл ауылының тұрғыны:
- Қуанышымызда шек жоқ. Бұл жобаны біз көп күттік. Себебі қазіргі су құбырлары әбден тозған. Енді сапалы ауыз су тұтынамыз деген үміттеміз.
Александр Филипко, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Негізгі бір жарым шақырымдық су құбыры салынды. Әзірге 10 шақты техника жұмылдырылған. Үш бригада жұмыс істеп жатыр.
Щучинск қаласында да ауыз су мәселесі шешіле бастады. Қазір аудан орталығындағы тозығы жеткен су құбырлары ауыстырылып жатыр. Яғни, жыл соңына дейін үш бірдей шағын аудан ауыз сумен қамтылады.
Светлана Друзина, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Көп жылдан бері ауыз судан таршылық көріп келеміз. Қарапайым кір жуудың өзі қиын. Жақын маңда су алатын жерде жоқ.
Алдағы жылы курортты аймақтағы тағы жеті ауыл орталықтандырылған суға қосылады. Осылайша бурабайлықтар жүз пайыз сапалы ауыз су тұтынады,-дейді аудан әкімі.
Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі:
- Жалпы су мәселесі Жаңажол, Шиелі, Молбаза, Николаевка және Баянбай ауылдарында болған. Қазір бұл мәселе шешілді деп айтуға болады. Сондай-ақ елді мекендерде тіршілік нәрін тазартатын блок-модульді нысандар да салып жатырмыз. Нәтижесінде 74 мың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз.
Жалпы 2025 жылдың аяғына дейін аймақтағы 65 елдімекенді ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Ал 18 ауылда геологтар жер асты суларының қорын іздеп жатыр.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный