Маңғыстауда 200 мың теңге пара алған мемқызметші сотталды
Маңғыстау облысында 200 мың теңге пара алған мемлекеттік қызметкер сотталды.
Еңбек мобильділігі орталығының бұрынғы басшысына сот 2 жыл 4 ай мерзімде жаза кесті. Ол Өзбекстан азаматын жұмысқа орналастырамын деп алдап, 200 мың теңге талап еткен. Енді осы әрекеті үшін сот алдында жауап берді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан біржола айырылды.
Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Түпқараған аудандық соты Маңғыстау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры М. Қайранбаевқа қатысты үкім шығарды. Ол Өзбекстан Республикасы азаматына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу сылтауымен 200 мың теңге мөлшерінде ақша қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен оған 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.