Өскеменде жол жөндеу кезінде бірқатар олқылық анықталды

Өскеменде жол жөндеу жұмыстары барысында бірқатар олқылықтарға жол берілген.

Бұл жемқорлыққа қарсы қызмет пен Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкерлері жүргізген, тексеріс кезінде анықталды. Мердігер ұйым, кемшіліктерді өз есебінен жоюға міндеттелді. Биыл өңірде, жол жөндеу жылы деп жарияланды. Жұмыс ауқымы үлкен. Сондықтан бақылау да күшейтілді.

Биыл Өскеменде 38 көшенің жолы жаңарады. Оған қазынадан 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жүретін аумақтарды тұрғындар шағымын ескере отырып арнайы комиссия таңдаған. Ал жұмыстың сапалы орындалуын жемқорлыққа қарсы қызмет бақылауға алған. Аталған қызметтің аса маңызды істер жөніндегі офицері Сержан Мәліковтың айтуынша олар құжаттармен қатар жұмыс процесін де тікелей қадағалап отырады.

Сержан Маліков, ШҚО бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет офицері:

- Біз құрылысы аяқталған нысандардан бөлек, қазір салынып жатқан жолдардың да сапасына талдау жасап отырамыз. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп, асфальттың сумен қанығуы және кеуектілігі бойынша бұзушылықтарды анықтадық. 

Бұзушылық Абай көшесіне жол төсеу кезінде орын алған. Бұл жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жүргізген сынақ кезінде анықталды. Жол жамылғысынан алынған сынамалар тиісті нормаға сай келмейді. «Дереу қалпына келтірмесе, жаңадан төселген жол ұзаққа бармайды» дейді инженер Саяхат Мүсәпіров. Ол жол құрылысы барысын, нақтылап айтқанда жолдың астыңғы қабатының түзулігін, асфальт жамылғысының қалыңдығын бақылап отырады. 

Саяхат Мүсәпіров, жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының бөлім басшысы:

- 12-ге жуық бұзушылықтар анықталды. Олар бойынша қазір жою жұмыстары атқарылуда. 132 алынған сынаманың бүгінгі таңда 20 сынамасы нормаға сай еместігі анықталды. Олар бойынша мердігер компания техникалық қадағалауға сәйкес хат жолданған болатын. 

Кемшіліктер анықталған аумақтарды мердігер ұйым өз есебінен қайта жөндеуге міндеттелді. Егер ескерту орындалмаса тапсырыс беруші тарап жұмысты қабылдамайды. Қалпына келтіру жұмыстарының орындалысы Ержан Ибраев басшылық ететін автомобиль жолдарын абаттандыру секторының бақылауында.

Ержан Ибраев, қалалық ТҮКШ бөлімінің автомобиль жолдары секторының меңгерушісі:

- Абай даңғылы бойында жүргізген тексеріс нәтижесінде асфальт құрамы талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Біз мердігерге хат жібердік. Жақын арада біз жолдың бұл бөлігін қайтадан сынақтан өткізетін боламыз. 

Мамандар сапалы салынған жол кемінде 5 жылға дейін сыр бермейтінін айтады. Биыл Өскемен көшелеріне жалпы ұзындығы 32 шақырым асфальт жамылғысы төселеді. 

Елдос Кәкенов, Әнел Есенбердина, Жигер Бабаканов