«Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» автожолын күрделі жөндеу аяқталды

Батыс Қазақстан облысындағы «Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» автожолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ұзындығы 42 шақырымға екі қабаттан тұратын асфальт-бетон төселіп, 17 су өткізгіш құбыры орнатылды. Қазавтожол ұлттық компаниясының мәліметінше, бұл жұмыстарға 85 арнайы техника мен 150-ден астам адам жұмылдырылған. Қазір жол жиектерін нығайту, өтпелерді орнату мен жолды абаттандыру және жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаға сәйкес, модульді санитарлық-гигиеналық торабы бар, демалыс алаңдары да орнатылмақ. Оны жауаптылар жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр.

Марат Махамбетов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалының басшысы:

- Бұл жолды көптен күтті. Совет заманында салынған жол, жолдың тек қана үлгісі болатын, грейдер болды. Қыстыгүні, көктем, күзде жол болмады. Халық жүре алмады. Қазан айының 30-ында 95 км тапсырамыз. Одан кейін Өнеге ауылынан бастап, Бисенов ауылы, Сайхин ауылына 103 шақырым тапсыратын боламыз. Қазір онда асфальт салу жұмыстары қызу жүріп жатыр.