Астанада зорлық-зомбылықты тоқтату тетіктері талқыланды

Зорлық-зомбылықты тоқтату үшін тек заң қабылдау жеткіліксіз.

Құқықтық-нормативтік қағидаттарды іске асыратын нақты тетіктер қажет. Астанада бүгін тұрмыстық жанжалдың себеп-салдары талқыланған форумда жоғарғы оқу орындарында психологтар мен педагогтарды бөліп даярлау жайы қаралды. Сонымен қатар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясаты ұлттық комиссия мүшелері мектеп басшылары оқушыларға қатысты көлеңкелі жайттарды жасыратынын айтты. Сол себепті Балалар құқығын қорғау комитетін Оқу-ағарту министрлігінен бөлу жөнінде ұсыныс көтерді. 

Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнәр Омарова Қызылордадағы мектептің жоғарғы сынып оқушысына қатысты зорлық-зомбылық, қысым көрсету дерегі сол жасырудың кесірінен болды деп санайды. Мектеп басшылығы мен психолог және аумақтық полиция инспекторы жұмыстан босатылды. Зорлау, қорқыту ісіне қатысы бар 9 адам қамалды. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді. «Оның өзегі тереңде», – дейді мамандар. 

Гүлнәр Омарова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясатының ұлттық комиссия мүшесі:

- Қызылорда облысындағы жағдайға қарап отырсақ, біз көбінесе мектепті кінәлап жатамыз. Бұған қоғам болып бейжай қарамауымыз керек. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігінен Балалар құқықтарын қорғау комитеті бөлек, Президент аппаратына қарасты болса деген ұсыныс айтып жатырмыз. Өйткені көп ретте ондай ақпарат айтылмайды, жабық болады. Құқық қорғау комитетінінің инструменті мен мүмкіндіктері жоғары деңгейде болу қажет деп ойлаймын.

Жалпы жыл сайын республика бойынша тұрмыстық жанжал жөнінде полицияға 100 мыңдай хабарлама түседі екен. Ағымдағы жылдың 7 айында тәртіп сақшыларынан жанұшыра көмек сұраған 54 мың әйел ерекше қорғауға алынған. Отбасы шырқын бұзуға бейім 70 мыңдай азамат жауапкершілікке тартылып отыр. Сандарды салыстырсақ деректер өткен жылға қарағанда 2 есеге көбейген.

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Бұл тәмсілдің өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Шаңырақтың шайқалуына көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық себеп. Психолог Альвина Юсупова отбасындағы әлімжеттік көріністері байқалысымен дабыл қағуға кеңес береді. Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде деген көнбістік түсініктен арылу қажет. Өйткені тұрмыстық жанжалдың арты қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы бек мүмкін. «Ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керісті көріп өскен ұл мен қыздың да түйсігі дұрыс қалыптаспайтыны анық», – дейді психолог-маман.  

Альвина Юсупова, отбасылық психолог:

- Әйел адамның зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауы тектен-тек құбылыс емес. Көп жағдайда балалық кезеңде дау-төбелесті көріп өскен жеткіншектер есейе келе оған қалыпты дүние ретінде қарайды. Мәселен, көптеген жасөспірім артық агрессиялы отбасында тәрбиеленсе, өздері де тұрмыстық жанжалға бейім болып өседі.  

Жалпы қазіргі таңда жауапкершілік қатаңдады. Енді отбасы мүшелеріне күш көрсетіп, денсаулыққа түрлі деңгейдегі жарақат келтіргендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. «Бірақ бұның да нәтиже бере қоюы екіталай дейді», – мамандар. Балаларды байырқалы тірлігі мен бірлігі жарасқан шаңырақта ішкі тонның бауындай тату өсіретін құндылық қажет. Сол отбасылық жылу мен мейірбандықты дәріптеу мақсатында өткізілген суреттер байқауы мен 4 бағыттық оқылымдар өңірлерде де ұйымдастырылмақ.  

Авторы: Қамбар Бекенов.