Мақаншы ауданында бірнеше ғимарат бой көтереді
Президент Жарлығымен құрылған Мақаншы ауданында бірнеше жаңа ғимарат бой көтереді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір 140 орындық балабақша мен жаңа медициналық амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Шекаралық аймақтағы өңір алдағы уақытта қандай бағытта дамиды?
Мақаншылықтар 26 жыл бойы медициналық тексеруден өту үшін Үржар ауданына қатынауға мәжбүр еді. Енді бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Қазір жаңа медициналық амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Бұған бюджеттен 2,2 млрд бөлінген.
Ғазиз Қарасаев, мердігер ұйым өкілі:
- Оның 1,5 млрд құрылыстың өзі болса, қалған 700 млн теңге медициналық жабдықтарға жұмсалады. Құрылысты бастағанымызға 1,5 айдан асты. Негізі құрылыстың аяқталу мерзімі – 2025 жылдың наурыз айы. Егер ақша дұрыс бөлінсе, жыл соңына дейін аяқтауға біз дайынбыз.
Жаңа ауданға серпіліс қажет. Мақаншы аудан мәртебесінен айырылғалы 26 жыл өтті. Осы уақыт аралығында инфрақұрылымның да тоз-тозы шықты.
Сауалнама:
- Жеке ел болдық, жеке ауыл болдық, жеке халық болдық. Бұл – өте үлкен қуаныш. Бұрынғыдай адамдар сандалып, бір қағаз үшін, бір құжат үшін Үржарға сандалмайды. Алыс-алыс қырлардан өзіміздің мекемеге, өзіміздің ауданға шаршамай келеді. Өзіміздің басшылар бар, сол кісілерге барып, қолма-қол шешіп алуға болады
- Ауылымыз осы халықтың арқасында, халықтың жақсылығымен көркейеді деп ойлаймыз. Еңселі болсын, құрылыс енді басталып жатыр, құрылыстың түрлері. Қуанышытымыз, әрине, мекеніміздің көркейіп, Мақаншының аудан болуына.
Мақаншы ауданында 140 балаға арналған балабақша салынып жатыр. Нысан қолданысқа берілсе 50 адам жұмыспен қамтылады. Ғимараттың құрылысын қазан-қараша айларында аяқтау жоспарланған. Бұған қоса ауданда жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Биыл ауданішілік 7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді.
Дәурен Қойгелдин, Мақаншы ауданының әкімі:
- Енді жаңа құрылыған аудан болғаннан кейін 2025 жылға бюджеттік өтінімдер мен сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз. «Ауыл – ел бесігі» сияқты облыстық, республикалық бюджеттік бағдарламаларға өтінім беріп, Мақаншы ауданын дамытуға арналған жоспарымызды құрып, соны күнделікті жүзеге асырып отырамыз.
Мақаншы ауданында 11 ауылдық округ бар. Ондағы 18 елді мекенде 26 мыңнан астам халық тұрады. Өңірде әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Шекарадағы аймақтың экономикалық әлеуеті де зор. Жақында ұзындығы 270 шақырым болатын «Аягөз-Бақты» теміржолының құрылысы басталды. Стратегиялық нысан іске қосылғанда Мақаншы ауданында 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.