Петропавлда судан зардап шеккендерге арнап салынған шағын ауданда суағар жоқ

Петропавлда су тасқыннан зардап шеккен отбасыларға арнап салынып жатқан «Бірлік» шағын ауданында әлі суағар желісі жоқ.

Жаңа үйлерге қоныстанған тұрғындар жаңбыр жауса, балшық кешіп, әлекке түсеміз, деп шағымданды. Бұл мәселе қашан шешіледі?

Екатерина Молоткова көктемгі тасқыннан кейін «Бірлік» шағын ауданынан жаңа үй алды. Жайғасып болған соң қыстың қамына кірісіп, отын-көмірге тапсырыс берген. Бірақ артып әкелген жүк көлігі ауласына кіре алмай, сыртқа төгуге мәжбүр болды. Өйткені үйдің маңы саз. 

Екатерина Молоткова, қала тұрғыны:

- Бұл жерде кез келген көлік батып қалады. Отын қораға да бара алмай отырмыз. Оның үстіне үйіміз ойпаң жерде орналасқан. Бау - бақша да егуге келмейді. 

Тұрғындардың айтуынша, жаңбырдан кейін аулалар осылай көлкіп тұрады. Жолдар да езіліп жатыр. Электр желілерінің қуаты да жетпей қалады. Жиі сөнеді екен. 

Александр Алёшин, қала тұрғыны:

- Қуат көзі төмен. 220 вольттің орнына 160 - 170 вольт береді. Бір қосып, бір жанғанда тұрмыстық техника күйіп кетуі мүмкін. 

«Бірлік» шағын ауданында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға демеушілердің көмегімен 700 үй салынады. «Бұл аудан бұрын ен дала еді, сондықтан инфроқұрылымы толық жүргізіліп болған жоқ», - дейді шенеуніктер. Қазір мамандар уақытша арық қазып, жолдарға қиыршық тас төсеп жатыр. Ал негізгі жұмыс келер жылға жоспарланған. 

Әсем Айтулова, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Келер жылға ПСД жасалып жатыр, одан кейін келер жылдан бастап бізде жаңағы суағарлар жасалатын болады. Жаңа аудан болғандықтан электр қуаты ол жерде қосылған. Бірақ қазіргі таңда электр қуатының кернеуін қайта бөлу бойынша, яғни барлықтарына бірдей бөлу үшін сол жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы осы айдың соңына дейін толық жасалып болады. 

Қала шетінде жаңадан салынып жатқан шағын ауданында мектеп пен балабақша да болады. Қазір мұнда 300 – ге жуық отбасы тұрып жатыр. Қалғаны қазан айына дейін қоныстануы тиіс. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков