Биыл елімізде 17 жатақхана пайдалануға берілді
Ғылым және білім министрлігінің мәлімдеуінше, биыл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 27 жатақхана пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Қазір оның 17-сінің құрылысы аяқталған. 4650 орын дайын. Ең көбі – 4 жатақхана Алматы қаласынан бой көтерсе, Астана, Түркістан, Шымкентте үшеу, ал Жамбыл, Атырау, Павлодар, Қостанай облыстарында бір-бір жатақханадан салынған. Университеттердегі тұрақжай мәселесін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы шешу мәселесі 2018 жылдан қолға алынған. Содан бері елде 60 мыңға жуық орынды қамтитын 211 жатақхана салынған. Мұндай әдіс, әсіресе, ірі қалалардағы тапшылық мәселесін толық жоймаса да, қосымша орын бөлуге мүмкіндік беріп отыр.
Азамат Жұматаев, ЕҰУ студенттер үйлері дирекциясының директоры:
- Бізде 20 мыңнан астам студент білім алады. Бірақ жатақханадағы орын саны 5 мыңның үстінде. Бұл мәселені біз қаржы ортылығымен және де жекеменшік кәсіпкерлер көмегімен шешуге тырысп келе жатырмыз. Жатақханалар саны – 8 жатақхана 4300-ден астам орынға арналған. Және де біз 2000-ға жуық орынды жекеменшік жатақханалармен келісімшарт арқылы қаржы орталығымен бірлесіп, үш жақты келісім арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Сонымен жалпы алғанда университетте жатақханаға жалпы мұқтаж студенттердің 6 мыңға жуығын біз орынмен қамтамасыз етіп отырмыз.
«Дегенмен, университет жанындағы жатақханаларға сұраныс көп», - дейді министрлік өкілдері. Сондықтан құрылыста осыған мән беріліп жатыр. Қазір елдегі жоғары оқу орындары меншігінде 264 жатақхана бар. Жалпы орын саны 93 мыңнан асады.
Ақерке Абылайхан, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Жатақханадағы орындарды бөлуде бірінші кезекте жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бірінші кезекте орын беріледі. Сонымен қатар I, II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, ауыл квотасы шеңберінде грант алған азаматтарға, қандастарға. Аз қамтылған отбасынан шыққан азаматтарға жатақханадан орын беруде басымдық беріледі.