Алматы облысында пияз алқаптарының аумағы төрт есе кеміді
Қонаев қаласының іргесіндегі Шеңгелді ауылдық округінде көктемде 11 мың тонна пияз шіріп, шаруалар қып-қызыл шығынға батқан еді, деп хабарлайды 24kz.
Сол себепті биыл пияз алқаптарының аумағы 4 есеге дейін кеміді.
Есесіне қант қызылшасы мен жүгері, арпа-бидай, жоңышқа сияқты мал азықтық дақылдар алқабы ұлғайған.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Шеңгелді ауылдық округінде өткен жылы 2 мың гектар алқапқа пияз егілген еді. Жиналған мол өнімді өткізе алмай, қоймада шірітіп алған шаруалар биыл 500 гектар жерге Жапония мен Голландиядан алынған пияз тұқымын септі. Олар әр гектардан орта есеппен 50 тоннадан өнім алуда. Биыл 22 мың тоннадай пияз жиналады деген болжам бар.
Бауыржан Етекбаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Былтырғы өніммен есептесек, 500 тоннадай пияз өтпеді. Май айына дейін сақтадық, одан шіріді. Ал енді биыл 20 гектар пияз ектік. «Қонаев» СПК-сымен келісімшарт жасап қойдық. Қала бойынша сауда орындарымен келісімшарт жасадық. Ол жаққа енді бір 200 тоннадай өткізетін шығармыз.
Берік Үшкемпіров, шаруа қожалығының басшысы:
- Пияз енді, біріншіден, жинау жағынан қиындау. Жинаған кезде адаммен қиындау. Екіншіден, мынау гербицид, удобрение, бәрі қымбаттап кетті. Сол үшін өзін өзі кішкене ақтауы қиындау болып тұр да. 70 теңге, 60 теңге болса, кішкене ақтайды. Сол енді өзін өзі ақтамағаннан кейін пияз, картошкаға бет бұрдық.
Шаруалар пияздың әр келісін көтерме бағамен 75-80 теңгеден өткізіп жатыр. Бұл атқарғанға өте ауыр әрі бейнеті көп дақыл. Бір қап пиязды сұрыптап, қаптап бергені үшін жалдамалы жұмысшыларға 200 теңгеден төленеді. Пияз салатын торлар өткен жылы 40 теңгеден сатылса, биыл оның бағасы 60 теңге болды.
Асқар Ыбырайымов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Пияз егу алаңы төрт есе төмендеп кетті алдыңғы жылмен салыстырған кезде. Сондықтан алдыңғы жылдағыдай пияздың өтпей қалу қаупі өте аз. Оның ішінде 5 мыңнан астам тоннасы үлкен сауда маркаларына өткізуге келісімшарттар жасалып, қазір негізделіп қойды. Қалған пиязды шаруалар бағаның тұрақтануын күтіп отыр пиязға.
«Пияз жинау науқаны қазан айының басында аяқталады. Төгілген тер мен есіл еңбек өткен жылдағыдай далаға кетпейді», - деді ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Шеңгелді алабында 16 мың гектар суармалы жер бар. Биыл соның 8 мың гектары игерілді. Шаруалар сорғы станцияларынан алған судың 30%-ін төлейді. Қалған бөлігін мемлекет өтеп береді.
Нұрбол Күздікбаев, сорғы станциясының басшысы:
- Биылғы жылы 38 шаруа қожалықпен келісімшартқа тұрдық. Енді биылғы жылға айтатын жаңалығымыз – субсидиялау ережелерінің өзгеруіне байланысты субсидиялар осы сорғы станцияларына түсейін деп жатыр. Бұл дегеніңіз, бізге де тиімді болып тұр. Себебі электр энергиямен тез есептесіп, жарықты өтеу жағынан ешқандай проблема болмайын деп тұр.
Шеңгелді ауылдық окруінде 2,5 мың гектар алқапқа жүгері, 700 гектар жерге көпжылдық шөп егілген. Қант қызылшасы алқабының аумағы 241 гектар. Өңірде қазір жүгері мен жоңышқа шабу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов