Ақтауда студенттерге арналған 500 орындық жатақхана қолданысқа берілді
Озық үлгідегі ғимарат 200-ден астам студентті қабылдайды, деп хабарлайды 24kz.
Олар жергілікті колледждерге биыл түскен I курс студенттері. Жалпы жаңа оқу жылында Маңғыстауда жеті жатақхана ашылады.
Алдағы қыркүйекте Шымкент қаласында да 550 орындық жатақхананы іске қосу жоспарланған.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қыркүйекте Шымкентте студенттерге арналған 550 орындық жатақхана ашылады. Қонақүй үлгісіндегі ғимарат мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерді. Жатын орыннан бөлек оқу залы, демалыс аймағы және кинотетар бар. Бірыңғай базалық турникет жүйесі студенттердің кіріп-шыққан уақытын тіркеп отырады. Жатақханаға келісімшарт негізінде магистрант, доктаранттарды да қабылданады.
Қайрат Нұрманбетов, М.Әуезов атындағы университет ректорының міндетін атқарушы:
- Инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізу үстіндеміз. Мұның алдында да бізге жеке кәсіпкер екі жатақхана соғып берген болатын. Реконструкциямен бізге бір жатақхана берген болатын. Жалпы жатақханаға орналастырудың өзінің бекітілген ережесі бар. Соған сәйкес бірінші кезекте бірінші курс студенттерін жайғастыратын боламыз. Соның ішінде әлеуметтік жағдайын қарастырамыз.
Ал, Ақтауда колледжге биыл түскен 240 студент су жаңа жатақханаға жайғасады. 500 орындық ғимарат демеушілер қаржысына салынды. Бес қабатты нысан бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйесімен жабдықталған. Студенттер тамақ әзірлейтін буфет, кір жуу және компьютерлік оқу бөлмелері мен кітапханасы бар. Жатақхана меңгерушісі Саяат Үйсінбаевтың айтуынша, қыркүйекте тәрбиеші, техникалық қызметкер ретінде жиырмаға жуық адам жұмысқа алынады.
Саят Үйсінбаев, жатақхана меңгерушісі:
- Жоғары шағын аудандардағы колледждердің барлық студенттерін басқа елді мекенде тұратын, Ақтау қаласында тұрғын үйі жоқ балаларды қабылдауға дайынбыз. Келісімшартқа келсек, бірінші колледж бен колледж арасында меморандум болады. Содан кейін барып ата-анасымен жеке-жеке келісімшартқа отырамыз. Жыл сайын жаңартылып отырады.
Маңғыстауда жаңа оқу жылында жалпы сыйымдылығы 1409 орындық жеті жатақхана өз жұмысын бастайды деп жоспарланған. Білім басқармасындағылардың айтуынша, өңірде студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесі жоқ.
Раушан Мұқанова, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Биылғы оқу жылында жеті жатақхана жұмыс жасайтын болады. Жатақхана орналастырған кезде біздер алдымен әлеуметтік жағдайына қараймыз. Жалпы облысымызда студенттік жатақханаға деген сұраныс, қажеттілік қазіргі кезде ондай көп емес.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр елімізде зейнетақы жинағының артығын қажеттілігіне жарату бойынша маңғыстаулықтар белсенді болған. Әсіресе, Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау және Түпқараған ауданы тұрғындары жинағын бастапқы жарна ретінде қолданып Ақтаудан пәтер сатып алған. Көбі баспанаға студент баласын жайғастырыпты. «Яғни, қазір біраз студент оқуға өз үйінен қатынайды», - дейді мамандар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев