Ақтөбедегі психологиялық қолдау көрсету орталығы 200 жеткіншекті қабылдады

Ақтөбедегі балаларға психологиялық қолдау көрсету орталығы үш ай ішінде 200-ден астам жеткіншекті қабылдады, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар кәмелет жасына толмағандардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, жанына медеу болған. Мұндай кәсіби қызметтің маңыздылығын Мемлекет басшысы былтыр Ұлттық құрылтай отырысында атап өткен еді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Балаларға психологиялық қолдау көрсету орталығы мамандары топтық психодрама, гештальт терапиясы және нейролингвистикалық бағдарлау сияқты түрлі әдіске жүгінеді. Жеткіншектердің белгілі бір салаға бейімділігін анықтап, болашақ мамандығын таңдауға да көмектеседі. Бұл орайда ата-ананы да зерделеп, бағыт-бағдар беру маңызды. Себебі әдетте адамның жан-дүниесіне жақындарының ауыр сөзі мен іс-әрекетінен сызат түседі.

Ментай Телағысова, психологиялық орталығының әдіскері:

- Көп жағдайда тұрмыстық түсінбеушілік. Ата-аналарының немесе жаңағы отбасындағы бауырларының болсын келіспеушілік жағдайында туындап тұрады. Ата-аналарға айтамыз, балаларға көңіл бөлулерін және де не үшін көңілдерінің болмай жүргені, не үшін көңілдерінің түсіп жүргені туралы ата-аналарға кеңестер мен ұсыныстар беріп отырамыз.

Орталықта қазір 35 психолог пен әлеуметтік педагог қызмет етеді. Балалар мен ата-аналарды қабылдайтын «Жан сыры» бөлмесінен бөлек әлеуметтік желілерде «Жылы жүздесу» парақшасы да бар. Қиын жағдайға душар болған жеткіншектер кез-келген уақытта интернет арқылы білікті мамандардың көмегіне жүгіне алады. Жасөспірімдерге медициналық және әлеуметтік көмек те көрсетіледі.

Әмина Нұрманова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Біздің мақсатымыз – облыс көлеміне ортақ психологиялық қызмет ашу. Әзірге біздің кеңсе тек Ақтөбе қаласында орналасқан. Бірақ облыстың кез келген жерінен хабарласқан балалар мен ата-аналарға бірдей ақыл-кеңес беріп, көмектесіп келеміз.

Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтарының тапталмауын қадағалау мақсатында құрылған психологиялық қолдау орталығы еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Болашақта кешенді қызмет ету мақсатында мектептер мен өзге де білім ордаларының психолог-мамандармен ортақ тұжырымдама жасақтап, бір алгоритм аясында қызмет ету көзделген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов