Е. Қошанов «Жастар Рухы» саяси лагерінің жұмысымен танысты
«Жастар Рухы» қарқынды жұмыс істеп келеді. Ол еліміздегі жетекші қозғалысқа, жастардың рухын көтеретін іргелі ұйымға айналды». Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысындағы «Жастар Рухы» республикалық саяси лагерінің жұмысымен танысу барысында осылай деді.
Нысанбек ауылына елдің түкпір-түкпірінен 420 делегат жиналған. Ерлан Қошанов өз сөзінде жас белсенділерге қолдау білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ «Жастар Рухының» волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды. «Еріктілер көктемгі су тасқыны кезеңінде патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісіне айналды», – деді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осыдан 2 жыл бұрын біз Зерендіде кездестік. Жастар қанатының атын өзгерту шешімін қабылдадық. Содан бері Жастар Рухы қарқынды жұмыс атқарып келе жатыр. Ұйымның аты ғана емес, заты да бүгін өзгерді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев жастардың заман талабына сай дамуы үшін негізгі басымдықты айқындап берді. Ол: білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды.