Конституциялық сотқа 7 мыңнан астам өтініш түскен

Былтырғы қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін азаматтардан Конституциялық сотқа 7 мыңнан астам өтініш түсті.

Нәтижесінде 49 нормативтік қаулы қабылданды. Оның барлығы адам құқықтарына қатысты болған. Бұл туралы Астанада өткен «Құқық үстемдігі мен азаматтық қоғам және мемлекет құндылықтарын жүзеге асыру» халықаралық конференциясында сөз болды. Оған отандық және шетелдік, атап айтқанда Германия, Финляндия, Швейцария, Өзбекстанның заңгер-ғалымдары қатысты. Жиында сарапшылар: «Елдегі Конституциялық соттың дербестігін қолдаймыз», – деді. Сондай-ақ оның төрелігін жетілдіріп отыру қажеттігіне назар аударды. «Себебі адам құқығы мәселесінде Конституциялық соттың рөлі айырықша», – дейді сарапшылар.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әр азамат өз құқығын білу керек. Біз кейде өз құқықтарымызды білмейміз. Қазір құқығыңды білсең, өзіңді қорғай аласың. Соны азаматтық қоғамға мемлекетпен жұмыс істеп, айтып отыру керек. Құлдық, адам сатуға қарсы заңды қабылдадық. Сол үшін біз айтамыз: өзіміздің Конституциямыз Ата Заңды білсек, қоғамға, мемлекетке, ол бәріне де тиімді болу керек деген принцип қазір бірінші орында тұр.

Берік Бекжанов, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары:

- Конституциялық сот, мысалы, мемлекеттік қызметшіге түсу мәселесі жөнінде белгілі бір олқылықтарды тапты. Ол бүгінде қалпына келді. Яғни азаматтардың құқығын шектеу мәселесі Конституциялық соттың шешімімен жойылып жатыр. Мұндай мысалдар өте көп бүгінгі таңда. Сондықтан Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды ешқандай заңды қатаңдату деп қабылдаған дұрыс емес.