Кеншілер мерекесі: 16 маман марапатталды

Кеншілер мерекесі қарсаңында ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен барлығы 16 маман марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.

Кен өндіруді ата кәсібі санайтын азаматтарды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құттықтады. Вице-министр Олжас Сапарбеков жыл сайын елімізде 110 миллион тоннадан астам көмір, 150 миллион тоннаға жуық мыс, 40 миллион тоннадан астам алтын және 4 миллион тоннадан астам боксит өндірілетінін мәлім етті. Сонымен қатар «Күні-түні тер төккен мамандардың еңбегі бағалануы қажет», – деді вице-министр.

Айта кету керек, тау-кен өнеркәсібі елдің жалпы ішкі өнімінің 8,2%-ын құрап отырса, көмір өнеркәсібі елдегі электр энергиясының шамамен 80%-ын өндіреді.

Мирас Әлкенов, «Шұбаркөл көмір» өндірісінің БҚЖ шебері:

- Осындай дәрежеге жетіп жатқанымыз әріптестеріміздің арқасы деп ойлаймын. Ерен еңбек етуге әрқашан да дайынбыз. Қазақстанымызды көркейтуге өз үлесімді қосуға дайынмын.