Еріктілер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 16 күн қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір осы ауқымды шарада жұмыс жасайтын еріктілерді оқытудың соңғы кезеңі басталды. Онда волонтерлер жарыстар өтетін нысандармен танысып, толық ақпаратпен қамтылады. Көшпенділер ойындарына еріктілерді іріктеу жыл басында басталған. Қазір 1300 жас таңдалып алынған. Оларға қойылған басты талап: 3 тілді жақсы білу, бұрындары ерікті қызмет атқару. Ұйымдастырушылардың сөзінше, шет мемлекеттерден де келетін волонтерлер бар. Барлығы да тегін тамақпен қамтылып, қонақүйлерге жайғастырылады.
Бағдәулет Жанділдәев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы бөлімінің басшысы:
- 16 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Жалпы 1300 еріктінің 500 координаторы және 100 тимлидері болады. Үздік деп танылған 20 еріктіні Қазақстанға шақыртып жатырмыз. Ол еріктілер бізде Қырғызстан, Өзбекстан, Франция, АҚШ-тан келеді. Жалпы 20 ерікті 8 мемлекеттен келеді деп отырмыз.
Гүлсая Кәрім, волонтер:
- Бірінші кезеңде бізді жалпы ойындармен таныстырды. Қай жылы, қай кезде құрылғандығын айтты. Сонымен қатар қандай объектілер болады, волонтерлер қай объектілерде жұмыс жасайтындығы таныстырылды.